Асланбек Шымбергенов пен Нұрбек Оралбай ел қоржынына тағы екі жолдама салды

асланбек шымбергенов
Фото: Қазақстан бокс федерациясы

АСТАНА. KAZINFORM — Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтіп жатқан лицензиялық турнирде ел қоржынына тағы екі жолдама түсті.

Оның бірін — ерлер арасында Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Асыланбек Шымбергенов жеңіп алса, екіншісін — Нұрбек Оралбай қанжығасына байлады.

бокс
Фото: Қазақстан бокс федерациясы

Нақтырақ айтсақ, Шымбергенов ширек финалда 2021 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Әзербайжан боксшысы Вархан Алиевпен жұдырықтасып, қарсыласын 5:0 есебімен жеңіп, лицензияға ие болды.

Осылайша Шымбергенов бірінші рет Олимпиада ойындарында бақ сынамақ.

бокс
Фото: Қазақстан бокс федерациясы

Ал 80 келі салмақта ел намысын қорғаған Нұрбек Оралбай ширек финалда Ирландия боксшысы Келин Кассидиді 3:2 есебімен тізе бүктірді.

Осылайша ерлер арасында ширек финалған шыққан бес боксшымыздың бесеуі де Париж Олимпиадасының жолдамасын қанжығасына байлады.

Олар — Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (57 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі) және Айбек Оралбай (92 келі).

Жалпы Италиядағы лицензиялық турнирге ерлер арасында алты боксшы аттанған болатын.

бокс
Фото: Қазақстан бокс федерациясы

Оның арасынан тек 63,5 келідегі боксшымыз Мұхаммедсабыр Базарбайұлы 1/16 финалда Еуропа чемпионы Радослав Росеновтан жеңіліп қалды.

Осылайша бокстан ерлер құрамасы аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаевты қоса есептегенде жалпы 6 жолдамаға қол жеткізді.

Қоңқабаев Олимпиада жолдамасын былтыр Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында жеңіп алған болатын.

бокс
Фото: Қазақстан бокс федерациясы

Ал әйелдер құрамасынан аталған турнирге бес боксшы қатысып, бәрі Олимпиададан тыс қалды. 

Дәл қазір Париж Олимпиадасына бұрымды боксшыларымыздан жалғыз жолдама бар.

Оны өткен жылы Ханчжоудағы Азия ойындарында (Қытай) 57 келіде әлем чемпионатының 3 дүркін жүлдегері, 27 жастағы Карина Ибрагимова жеңіп алған болатын.

Осылайша қазақ боксшылары үшін Италиядағы лицензиялық турнир аяқталды.

бокс
Фото: Қазақстан бокс федерациясы

 

Соңғы жаңалықтар