Үшінші боксшымыз лицензиялық турнирде жеңіліс тапты

Мұхаммедсабыр Базарбайұлы
Фото: Бокс федерациясы

АСТАНА. KAZINFORM – Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтіп жатқан лицензиялық турнирде бүгін үшінші боксшымыз жарыс жолынан шығып қалды.

Нақтырақ айтсақ, ерлер арасында 63,5 келідегі ел намысын қорғап жатқан Мұхаммедсабыр Базарбайұлы 1/16 финалда Еуропа чемпионы Радослав Росеновтан жеңіліп қалды.

Мұхаммедсабыр Базарбайұлы
Фото: Бокс федерациясы

Бұл Париж олимпиадасына жолдама сапақа салынып жатқан жарыстағы қазақ боксшыларының үшінші жеңілісі.

Осыған дейін шаршы алаңға алғаш рет шыққан 54 келі салмақта Жайна Шекербекова іріктеу кезеңінің алғашқы айқасында 1/16 финалда Нигерия өкілі Шукура Каримге есе жіберіп, жарысты аяқтаса, 60 келіде жұдырықтасқан боксшымыз Римма Волосенко төртінші жекпе-жегінде, яғни ширек финалда Словакия спортшысы Мирослава Жединаковаға төрешілер шешімімен есе жіберіп, лицензиядан құр қалды.

Енді, міне, ерлер арасында бірінші рет Мұхаммедсабыр Базарбайұлы жеңіліс тапты.

Айта кетейік, Париж Олимпиадасының жолдамасы сарапқа салынып жатқан турнир 3 наурызда басталған болатын. Жарыс 12 наурыз күні мәресіне жетеді. Аталған турнирде ерлер арасында 28, әйелдер арасында 21 жолдама сарапқа салынып жатыр. Қазақстан құрамасынан ерлерден 6, әйелдерден 5 боксшы жолдамаға таласып жатыр.

Соңғы жаңалықтар