Лицензиялық турнир: Екінші боксшымыз жарыс жолынан шығып қалды

АСТАНА. KAZINFORM – Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтіп жатқан лицензиялық турнирде бүгін екінші боксшымыз жарыс жолынан шығып қалды.

бокс
Фото: Бокс федерациясы

Нақтырақ айтсақ, әйелдер арасында 60 келіде ел намысын қорғап жатқан боксшымыз Римма Волосенко төртінші жекпе-жегінде, яғни ширек финалда Словакия спортшысы Мирослава Жединаковаға төрешілер шешімімен есе жіберді.

Жерлесіміз осылайша Париж олимпиадасының жолдамасына сынық сүйем жер қалғанда сүрінді.

Ол осыған дейін бірінші жекпе-жегінде Тринидад Тобаго елінің өкілі Тианна Гуимен кездесіп, төрешілер шешімімен басым түссе, екінші айқасында венгриялық Петра Сабодан айласын асырған еді. Ал үшінші жекпе-жегінде Уругвай спортшысы Камилла Паоло Пинейродан басым түскен болатын.

Сонымен қатар бүгін шаршы алаңға алғаш рет шыққан Жайна Шекербекова 1/16 финалда Нигерия өкілі Шукура Каримге есе жіберіп, жарысты аяқтаған болатын.

Париж Олимпиадасының жолдамасы сарапқа салынып жатқан турнир 3 наурызда басталған болатын. Жарыс 12 наурыз күні мәресіне жетеді. Аталған турнирде ерлер арасында 28, әйелдер арасында 21 жолдама сарапқа салынып жатыр. Қазақстан құрамасынан ерлерден 6, әйелдерден 5 боксшы жолдамаға таласып жатыр.

Соңғы жаңалықтар