Бокстан ӘЧ: Абылайхан Жүсіпов чемпиондық атаққа бір табан жақындай түсті

69 келі салмақ санатында шаршы алаңға шыққан Абылайхан венесуэлалық Габриэль Маэстро Переспен құлғап түйістірді. Үш раундтық кездесудің нәтижесінде төрешілердің басым дауысымен қазақстандық боксшы жеңіске жетті.
Естеріңізге сала кетсек, 28 тамызда Абылайхан Жүсіпов италиялық Винченцо Манджакапремен жұдырықтасқан болатын . Үшінші раундта отандасымыздың жарақат алуына байланысты төреші жекпе-жекті тоқтатып, оны әрі қарай жалғастыруға жол бермеді. Осылайша жеңіс италиялықтың қанжығасына байланды. Кейіннен қазақстандық тарап төрешілер шешімінің қайта қаралуына қол жеткізді. Себебі боксшылардың айқасы тоқтатылған уақытта есеп айырмасы бойынша Жүсіпов алда келе жатқан еді. Спортшымызға қосымша медициналық тексеру қажет болды. Тексеру нәтижесі Жүсіповтің алған жарақаты болмашы болғанын және жекпе-жекті тоқтатудың қажеті болмағанын көрсетті. Осылайша, жеңіс Жүсіповке берілді.
Айта кетейік, бұған дейін Василий Левит австралиялық Джэйсон Уайтлимен жұдырықтасып , жеңіске жетті. Енді жартылай финалда Василий 27 жастағы Куба спортшысы Эрисланди Савонмен кездеседі. Савон Дохада өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері және Рио Олимпиадасының қола медаль иегері. Левит пен Савонның жекпе-жегі 31 тамыз күні өтеді.
Ал Әбілxан Аманқұл 75 келі салмақ санатында рингке көтеріліп, Рио Олимпиадасының чемпионы кубалық Арлен Лопесті ұтқан болатын .
Қайрат Ералиев (56 келі) ширек финалда неміс боксшысы Ел-Хаг Омармен кездесіп, оны жергілікті жанкүйерлер алдында жерге қаратты .
Ал оның алдында 49 келі салмақ санатында жарыс жолына шыққан боксшымыз Жомарт Ержан екі дүркін Еуропа чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері ресейлік Василий Егоровті ұтқан еді.
Алда тағы 2 қазақ боксшысы жартылай финалға шығу үшін шаршы алаңда бақ сынайтын болады. Олар: Қамшыбек Қоңқабаев (91 кг) және Ерік Әлжанов (81).