Бокстан әлем чемпионатында Сәкен Бибосынов 1/2 финалға жолдама алды

АСТАНА. KAZINFORM - Халықаралық бокс ассоциациясы (IBA) аясында Дубайда (БАӘ) өтіп жатқан әлем чемпионатында ел құрамасынан Сәкен Бибосынов (54 келі) жартылай финалға шықты.

Сәкен Бибосынов
Фото: Қазақстан ҰОК

Қазақстандық былғары қолғап шебері бұл жолы замбиялық Муенго Муалемен шаршы алаңға шықты. Үш раундқа созылған жекпе-жекте төрешілер шешімімен ол қарсыласын 5:0 есебімен жеңіп, жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

Айта кетсек, бұдан бұрын отандасымыз Факи Исса Факи (Танзания), Катего Кеорапетсе (Ботсвана) сынды қарсыластарын қапы қалдырды.

Сәкен Бибосынов — ұлттық құрама сапындағы тәжірибелі боксшының бірі. 1992 жылы дүниеге келген былғары қолғап шебері 2020 жылы Токио Олимпиадасында қола алса, әлем чемпионатында 2021 жылы — алтын, 2019 жылы — қола медальға қол жеткізді.

Сондай-ақ Азия чемпионатында күміс (2022) және қола (2021) жүлдегер атанды. 

Енді ел құрамасынан Даниял Сәбит (51 келі), Оразбек Асылқұлов (57 келі), Серік Теміржанов (60 келі), Ертуған Зейнуллинов (63,5 келі), Санатәли Төлтаев (67 келі), Абылайхан Жүсіпов (71 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі) және Нурлан Сапарбай (92 келіден жоғары) шаршы алаңға шығады.

Еске салсақ, бұдан бұрын қазақстандық Теміртас Жүсіпов (48 келі) жартылай финалға алғашқы жолдаманы қалтаға басты. 

Айта кетсек, әлем чемпионаты 1/8 финалында Ерасыл Жақпеков (80 келі), Дәулет Төлемісов (86 келі), Нурмагамед Юсупов (92 келі) қарсыластарына есе жіберді.

IBA турнирі 3-13 желтоқсан аралығында Дубайда ұйымдастырылады. Бұл бәсекеде 13 салмақ дәрежесі белгіленген, ал жүлде қоры өте жоғары: чемпиондар — 300 мың доллар, күміс жүлдегерлер — 150 мың доллар, қола жүлдегерлер — 75 мың доллар, ал ширек финалистер 10 мың доллар алады.

Соңғы жаңалықтар