Бокстан әлем чемпионаты: Асланбек Шымбергенов ширек финалға шықты

БЕЛГРАД. ҚазАқпарат - Сербия астанасы Белград қаласында өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатында қазақстандық Асланбек Шымбергенов кезекті жекпе-жегін сәтті өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бокстан әлем чемпионаты: Асланбек Шымбергенов ширек финалға шықты

Қазақстандық боксшы 1/8 финалда71 келі салмақта германиялық Магомед Шахидовпен кездесті. Бұл - Асланбектің үшінші жекпе-жегі.

Төрешілер бірінші және екінші раундта бірауыздан Асланбектің жеңісіне қолдау білдірді. Үшінші раундта Асланбек қарсыласын нокаутқа жіберді. Нәтижесінде ол ширек финалға жолдама алды.

Ол бұдан бұрын ол иран боксшысы Фархад Моради Аташгахты, өзбек спортшысы Шахрам Гиясовты орта жолда қалдырды.

Сондай-ақ, бүгін Махмуд Сабырхан (54 келі) мен Саматәли Төлтаев (60 келі) қарсыластарын жеңіп, жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

Бүгін 01:45-те Айбек Оралбай (92 келі) өзбекстандық Мадияр Саидрахимовпен шаршы алаңға шығады. Ол бұған дейін польшалық Матеуш Березницкиді жеңді.