Бокстан әлем чемпионаты: Қазақстандық жастар бүгін кімдермен кездеседі
Қазақстандық былғары қолғап шеберлері күндізгі және кешкі сессияда сайысқа түседі.
Күндізгі сессия елорда уақытымен 18.00-де басталады. Алғашқы жұпта Гүлнұр Тұрапбай (51 келі) жапониялық Хикару Шинохарамен шаршы алаңға шығады. Ал жетінші жұпта Ерасыл Жакпеков (81 келі) кубалық Брайан Леон Сальгадомен қолғап түйістіреді. Он үшінші жұпта Аманат Сабырғали (91 келіден жоғары) өзбекстандық Жахонгир Зокировпен жекпе-жекке шығады.
Ал кешкі сессия елорда уақытымен 21.00-де жалғасады. Бұл жолы алтыншы жұпта Сабыржан Аққалыков (64 келі) импаниялық Фабио Маззилли Бласкомен кездеседі. Тоғызыншы жұпта Диас Молжігітов (75 келі) молдовалық Святослав Воскресенскиймен жасыл алаңға шығады.
Естеріңізге сала кетелік, жастар арасындағы әлем чемпионатына еліміз атынан 20 боксшы аттанған болатын.