Бокстан әлем чемпионаты: Санатәли Төлтаев бүгінгі жекпе-жегі жөнінде пікір білдірді
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатының төртінші жарыс күнінде жеңіліске ұшыраған Санатәли Төлтаев (63,5 келі) жекпе-жегі жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық боксшы 1/16 финалда Маврикий елінен келген Ришарно Колинмен қолғап түйістірді. Төрешілер шешімімен жеңіс қарсыласына берілді.
«Өкінішке қарай, бүгінгі жекпе-жегімде қарсыласыма есе жіберіп қойдым. Қашанда жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Мен үшін қашанда жанкүйер қолдауы ерекше. Қарсыласым өте тәжірибелі боксшы. Олимпиада және әлем чемпионатында бақ сынаған. Мен жекпе-жек барысында жарақат алып қалдым. Соған қарамастан бар күшімді салдым. Жеңілісім үшін жанкүйерлерден кешірім сұраймын. Қолдау көрсеткен барша азаматқа рақмет айтамын», - деді ол.
Айта кетсек, Санатәли бұдан бұрын 1/32 финалда Израиль өкілі Ахмад Штивиді қапыда қалдырған еді.
Енді кешкі сессияда Қамшыбек Қоңқабаев (92 келіден жоғары) ресейлік Алексей Дроновпен А рингінде он үшінші жұпта сынға түседі.
Сондай-ақ, ел құрамасынан бұған дейін Талғат Сырымбетов (60 келі) қарсыласына есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды.
Ал Айбек Оралбай (92 келі) және Сағындық Тоғамбай (86 келі) алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетті.