Бокстан әлем чемпионатының бесінші күні құрамалар қалай ойын көрсетті
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатының бесінші жарыс күні, 5 мамырда Қазақстан құрамасы мен олардың қарсыластары қалай ойын көрсеткені белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
5 мамыр, жұма күні ел құрамасынан үш боксшы шаршы алаңға шықты.
Олардың қатарынан Серік Теміржанов (57 келі) Мали елінен келген Абдул Карим Батилиден басым түссе, Нұрбек Оралбай (80 келі) әзербайжандық Мұрад Аллахвердиевті жеңіп кетті.
Ал Айбек Оралбай (92 келі) италиялық Азиз Аббес Мухийдинге есе жіберіп қойды.
Өзбекстан құрамасынан да жарыстың бесінші күнінде үш былғары қолғап шебері сайысқа түсті.
Олардың арасынан Лазизбек Муллажонов (92 келі) колумбиялық Марлон Уртадоны жеңсе, Абдумалик Халоков (57 келі) гайаналық Кевин Алликокті тізе бүктірді.
Сондай-ақ, Джасурбек Юлдошев (80 келі) төрешілер шешімімен иорданиялық Хуссейн Эйшаиш Иашайшқа жеңілді.
Бұл - Өзбекстан құрамасындағы жарыстан шығып қалған алғашқы боксшы.
Ресей құрамасы сапынан үш боксшы да қарсыластарынан басым түсті.
Мәселен Муслим Гаджимагомедов (92 келі) француз Сохиб Буафияны, Имам Хатаев (80 келі) Солтүстік Македонциялан келген Арьяна Исениді, Эдуард Саввин (57 келі) сальвадорлық Марвин Эрнандесті жеңді.
Ал Куба құрамасы атынан сынға түскен Сайдель Орта (57 келі) Тринидад және Тобагодан келген Энтони Джозефтен, Арлен Лопес (80 келі) үндістандық Ашиштен, Хулио Сесар Ла Крус (92 келі) босниялық Джемал Босняктен басым түсті.