Бокстан әлем чемпионатының екінші күні командалар қалай ойын көрсетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында екінші жарыс күнінде Қазақстан құрамасы мен олардың қарсыластары қалай ойын көрсеткені белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бокстан әлем чемпионатының екінші күні командалар қалай ойын көрсетті

Ел құрамасынан бүгін алғашқы болып шаршы алаңға шыққан Сағындық Тоғамбай (86 келі) 1/16 финалда Конго Демократиялық Респібликасынан келген Натан Нланду Мбелиді үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңді.

Оған дейін ол африкалық қарсыласын үш мәрте нокдаунға жіберген еді.

Ал Санатәли Төлтаев (63,5 келі) 1/32 финалда израильдік Ахмад Штивиді төрешілер шешімімен тізе бүктірді.

Өзбекстан құрамасынан 2 мамырда үш боксшы шаршы алаңға шықты.

Шохжахон Абдуллаев (86 келі) төрешілердің бірауыздан шешімімен қырғызстандық Еркін Әділбекуулуның осал тұсын тапты.

Енді ол қазақстандық Сағындық Тоғамбайға қарсылас атанды.

Руслан Абдуллаев (63,5 келі) пуэрторикалық Мануэль Фебусті сенімді түрде жеңсе, Джасурбек Юлдошев (80 келі) алжирлік Юнес Немушиді ертерек еліне қайтарды.

Әлемде бокс спорты ерекше дамыған елдердің бірі - Куба құрамасы сапынан Нельсон Уильямс (86 келі) доминикандық Даниэль Гусманды, Ласаро Альварес (63,5 келі) мексикалық Сесар Моралесті қапы қалдырды.

Әлем чемпионаты 1-14 мамыр аралығында өткізіледі. Финалдық кездесулер 13 және 14 мамырға белгіленген.