Бокстан Әлем кубогы: Махмұд Сабырхан ширек финалға өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада өтіп жатқан World Boxing аясындағы әлем кубогында отандасымыз 1/8 финалда оңтүстіккореялық Шин Чжэенді жеңді.

Махмұд бірінші раундтан-ақ керемет бокс үлгісін көрсетіті. Қарсыласын екі мәрте нокдаунға жіберді. Нәтижесінде айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Махмұд Сабырхан 2023 жылы әлем, 2024 жылы Азия чемпионы. Оның қоржынында Әлем және Азия чемпионаттарының екі бірдей күміс жүлдесі бар.
Айта кетсек, бүгін, 1 шілдеде ел құрамасынан алты боксшы сынға түсіп жатыр.
Қазірге дейін әйелдерде Анель Сакыш (54 келі) өзбекстандық Феруза Казаковаға есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды.
Сондай-ақ Нұрбек Оралбай (80 келі), Надежда Рябец (75 келі), Серік Теміржанов (60 келіі), Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) шаршы алаңға шығады.
Әлем кубогына 30 елден 300-ге жуық боксшы қатысып жатыр. Бұл Олимпиадалық WORLD BOXING ұйымының Қазақстандағы алғашқы жарысы болып отыр.
Әлем кубогы жыл бойына бірнеше кезеңмен өткізіледі. Рейтингілік сайыста әр салмақ дәрежесінде жеңімпазға 300, екінші орынға 200, қос қола жүлдегерге 150 ұпайдан беріледі.