Бокстан Әлем кубогына қандай танымал спортшылар қатысады

АСТАНА. KAZINFORM - Астанада өтетін бокстан Әлем кубогына қандай танымал спортшылардың қатысатыны белгілі болды.

бокс
Фото: olympic.kz

Дүбірлі дода 30 маусым-6 шілде аралығында елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді. Онда ерлер және әйелдер құрамалары жүлделерді сарапқа салады.

Әлем кубогына 30 елден 300-ге жуық боксшы қатысады. Бұл - Олимпиадалық WORLD BOXING ұйымының Қазақстандағы алғашқы жарысы болып отыр. Әлем кубогы жыл бойына бірнеше кезеңмен өткізіледі. Рейтингілік сайыста әр салмақ дәрежесінде жеңімпазға 300, екінші орынға 200, қос қола жүлдегерге 150 ұпайдан беріледі.

Онда Олимпиада және әлем чемпионаттарында топ жарған танымал спортшылар да бақ сынайды. Олардың қатарында 2023 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Васили Лкадири (Франция), 2021 жылғы әлем чемпионы Робби Гонсалес (АҚШ), 2024 жылғы Олимпиада Ойындарының күміс жүлдегері Билляль Беннама (Франция), екі дүркін Еуропа чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері Ниджат Гусейнов (Әзербайжан) және тағы басқалар бар.

Ашылу салтанаты 30 маусымда сағат 13:00-де деп белгіленген.

Еске салсақ, бокстан Қазақстан құрамасы шешуші оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр.

 

Соңғы жаңалықтар