Бокстан Азия чемпионаты: Бейбарыс Жексен жүлдеге қол созым жерде тоқтады
АСТАНА. KAZINFORM – Таиланд корольдігінің Чиангмай қаласында бокстан ерлер және әйелдер арасында өтіп жатқан Азия чемпионатында Бейбарыс Жексен ширек финалдық жекпе-жегін өткізді.

Алғашқы бәсекесінде 60 келіге дейінгі салмақта өзбекстандық Дилшод Абдумуродовты жолдан тайдырған қазақстандық боксшы бұл жолы тәжікстандық Акмал Убайдовпен жұдырықтасты.
А.Убайдов 2021 жылдан бері кәсіпқой бокста өнер көрсетіп, бес бірдей қарсыласын мерзімінен бұрын жеңген.
Бірінші раундта 3:2 есебімен тәжікстандық спортшы алға шықты. Екінші кезеңде төрешілер жеңісті түгелдей А.Убайдовқа берді. Қорытынды нәтиже өзгере қойған жоқ.
Осылайша, Б.Жексен Қазақстан ерлер құрамасынан бірінші болып жарыс жолынан шығып қалды.
Бұған дейін әйелдер арасында Алуа Балқыбекова мен Сымбат Әлиасқар сәтсіздікке тап болған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын бокстан Азия чемпионатында бейсенбі күні Қазақстан намысын 6 спортшы қорғайтынын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Азия чемпионатында Оразбек Асылқұлов шаршы алаң иесін қапы қалдырды.
О.Асылқұлов 8 желтоқсан күні финалға шығу үшін моңғолиялық Лундаа Гантумурмен таласады.