Бокстан Азия чемпионаты: Диас Молжігітов финалистер қатарына қосылды
АСТАНА. KAZINFORM - Таиланд корольдігінің Чиангмай қаласында бокстан ерлер және әйелдер арасында өтіп жатқан Азия чемпионатында Диас Молжігітов финалға жолдама алды.

Бұдан бұрын 22 жасқа дейінгілер арасында Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанған Д.Молжігітов 75 келіге дейінгі салмақта украиналық Павел Илюшамен кездесті.
Кездесу тартысты өтіп, төрешілердің шешімімен жеңіс қазақстандық боксшыға берілді.
Осылайша, Диас Молжігітов Қазақстан ерлер құрамасынан алтыншы болып финалға шықты.
Тағы бір қазақстандық Ерасыл Жақпеков 80 келіге дейінгі салмақта өзбекстандық Турабек Хабибуллаевпен шаршы алаңға шықты. Бірінші раундта өзбек боксшысы 4:1 есебімен алда тұрды. Екіншісінде Ерасыл артығымен есе қайырды - 5:0. Бірақ төрешілер жеңісті Т.Хабибуллаевқа берді.
Ерасыл сөйтіп қола жүлдені қанағат тұтты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дулат Бекбауовтың тәжікстандық боксшыны жеңіп, финалға шыққанын жазған болатынбыз.