Бокстан Азия чемпионаты: Василий Левит Иран спортшысын жеңді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бокстан Азия чемпионатында үш боксшы жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске салсақ, Азия чемпионаты Біріккен Араб әмірлігінің Дубай қаласында 24 мамырда басталды. Ол 31 мамырға дейін жалғасады.

Бүгін жігіттер арасында үш боксшымыз ойын көрсетті. Қазақстандық Даниял Сәбит (49 келі) алғашқы жекпе- жегін сәтті өткізіп, индонезиялық Корнелис Кванга Ланганың осал тұсын тапты. Төрешілер бірауыздан оның жеңісіне қолдау білдірді. Тағы бір қазақстандық Василий Левит (91 келі) ирандық Эхсан Рузбаханиден мықтылығын танытты.

Ал Закир Сафиуллин (64 келі) жартылай финалға жете алған жоқ. Ширек финалда ол Баатарсухийн Чинзоригке есе жіберді.

Айта кетейік, құрлықтық доданың алғашқы іріктеу кезеңінде Махмуд Сабырхан (56 келі) мен Серік Теміржанов (60 келі) жарыс жолынан шығып қалды.

Сондай-ақ, қыздар арасында Назым Қызайбай (51 келі) ширек финалды сәтті өткізіп, өзбекстандық Тұрсынай Рахимованы жеңіп кетті.


Соңғы жаңалықтар