Бокстан ел біріншілігінде мықтылар жартылай финалға жетті

АСТАНА. KAZINFORM - Қарағанды қаласында өтіп жатқан бокстан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының төртінші жарыс күні аяқталды.

бокс
Фото: freepik.com

Бұл күні кейбір салмақтарда жартылай финалға шыққан боксшылар анықталды.

Ел біріншілігінде 51 келіде көшбасшы ретінде танылған Даниал Сәбит (Батыс Қазақстан облысы) Алмас Хинкинді екінші раундта мерзімінен бұрын жеңіп, өзінің бабында екендігін көрсетті. Енді ол жартылай финалда алматылық Ернұр Қайратпен қолғап түйістіреді. Тағы бір жұпта ақтөбелік Бекзат Алдамжаров пен қарағандылық Рамазан Нұрлыбаев кездеседі.

Ал 60 келіде жартылай финалға жеткен боксшылар бұған дейінгі жекпе-жектерде қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп келеді. Енді 1/2 финалда Серік Теміржанов (Павлодар облысы) пен Шыңғыс Мусинов (Ақмола облысы), Талғат Сырымбетов (Қарағанды облысы) пен Евгений Павлов (Солтүстік Қазақстан облысы) шеберлік байқасалды.

Болашағынан зор үміт күттіретін Сабырхан Төрехан (67 келі) жекпе-жексіз ширек финалға шықты. Енді ол жастар арасындағы Азия чемпионы Бақтияр Анарбаевпен кездеседі. Одан бөлек, Елнұр Сүйінбай, Санатәлі Төлтаев, Нұржан Аманкелді де айтарлықтай қарсылыққа тап келмеді.

75 келіде Нұрқанат Райыс, Тимур Нұрсейітов сенімді түрде жартылай финалға өтті. 1/2 финалда Нұрқанат Райыс (Атырау облысы) пен Мақсат Өтегенов (Абай облысы), Тимур Нұрсейітов (Астана) мен Бақберген Әлиасқаров (Астана) кездеседі.

Ал 80 келіде Ең тартысты салмақтағы боксшылар нокдаундармен көрермендерді сүйсінтті. 75 келіден көтерілген бірқатар спортшылар жүлдеге ие болды. Бұл салмақта жартылай финалда Ильяр Аширов (Алматы) пен Дәулет Төлемісов (Ақтөбе облысы), Михаил Коханчик (Қостанай облысы) пен Азамат Бектас (Қызылорда облысы) шаршы алаңға шығады.

Ел біріншілігінде 92 келіде 1/2 финалда Данияр Рахымбердинов (Алматы) пен Нұрсұлтан Ернияз (Алматы облысы), Нурмагамбет Юсупов (Қарағанды облысы) пен Мади Әміров (Алматы) финал жолдамасын сарапқа салады.

Ал 92 келіден жоғары салмақта 1/2 финалда Нұрлан Сапарбай (Түркістан облысы) мен Нұрасыл Асылхан (Шымкент), Даниал Сапарбай (Түркістан облысы) мен Аманат Сабырғали (Атырау облысы) шаршы алаңға шығады.

Еске салсақ, Қазақстандық ауыр атлет қыздар Дохада 55 кг салмақта екі медаль жеңіп алды.

 

Соңғы жаңалықтар