Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы халықаралық оқу-жаттығу жиынына қатысады

АСТАНА. KAZINFORM - Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы Англияның Шеффилд қаласында халықаралық оқу-жаттығу жиынына қатысады.

Назым Қызайбай
Фото: olympic.kz

Бұл жөнінде Қазақстан бокс федерациясы мәлім етті.

Отандастарымыз қазір Англия елінде дайындығын бастап кетті. Олар 4-14 қыркүйек аралығында Ливерпульдегі әлем чемпионатында бақ сынайды.

Елдос Сайлалин бастаған бапкерлер әйелдер құрамасында төмендегі былғары қолғап шеберлеріне сенім артты. Алдағы әлем чемпионатында еліміздің атынан Назым Қызайбай (48 келі), Алуа Балқыбекова (51 келі), Элина Базарова (54 келі), Карина Ибрагимова (57 келі), Виктория Графеева (60 келі), Аида Әбікеева (65 келі), Наталья Богданова (70 келі), Надежда Рябец (75 келі), Гүлсая Ержан (80 келі) және Елдана Талипова (80 келіден жоғары) сынға түседі.

Ал еліміздің ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов негізінен тәжірибелі боксшыларға сенім артып отыр. Олардың қатарында Санжар Тәшкенбай (50 келі), Махмұд Сабырхан (55 келі), Бейбарыс Жексен (60 келі), Ертуған Зейнулинов (65 келі), Төрехан Сабырхан (70 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі), Бекзат Нұрдәулетов (85 келі), Сағындық Тоғамбай (90 келі) мен Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) бар.