Бокстан Қазақстан біріншілігінің елордалық жеңімпаздары мен жүлдегерлері С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-да кездесу өткізді

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кездесуге Қазақстан біріншілігінде чемпион атанған С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-дың студенттері - Ілияс Сүлейменов, Данияр Төлегенов және Данияр Елеусінов, жүлделі 3-ші орынға табан тіреген Думан Әлімов пен Бақытжан Қожабековтер, сондай-ақ біріншілікте қолғап түйістірген ұлттық құрама команданың мүшелері Мерей Ақшалов, Нұрсұлтан Мұстафин және Азат Құдасов қатысты.
Іс-шараны ашқан университеттің Тәрбие жұмыстары және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Александр Майер, тек өздерінің білім ордаларының ғана емес, Астана қаласының намысын абыроймен қорғаған боксшыларға алғысын білдіріп, алдағы уақыттары тек жеңіс тұғырларынан көрінулерін тіледі.
«Бұл біріншілікте Астана қаласының құрама командасы біздің университеттің боксшы студенттерінен жасақталғанын мақтанышпен айта аламыз», - деп атап өтті ол.
Бокстан елорда құрама командасының вице-капитаны М.Ақшалов пен Қазақстан чемпиондары, құрбыларына көпшілік жанкүйерлер мен бұқаралық ақпарат құралдары білмеген жәйттар жөнінде әңгімелеп берді. Мысалға, Бейжің олимпиадасының қатысушысы М.Ақшалов бұл жарыстарға жарақаты толық жазылмай қатысқанын жасырмады. Ал Н.Мұстафин алғаш рет ересектер құрамында сынға түскен және анау-мынау емес, Әлем чемпионы, өз салмағындағы «бірінші қолғап» - Серік Сәпиевпен жұдырық түйістірген. Бұл жерде қобалжу да орын алғаны түсінікті.
Естеріңізге сала кетейік, астаналық былғары қолғап шеберлері Тәуелсіздік күніне орай Астана мен Гавана қалалары арасында өткен жолдастық кездесуде намысты қолдан бермей Бостандық аралының өкілдерін жалпы командалық есепте 9:2 есебімен ойсырата жеңген болатын. Студенттер қауымы құрбыларына бұл ірі додадан кейін қайта күш жинап, біріншілікте төзім мен жігерлік көрсеткендері үшін алғыс айтты.