Бокстан Қазақстан чемпионаты: төртінші күннің нәтижесі қандай
АСТАНА. KAZINFORM - Семей қаласында бокстан Қазақстан чемпионатында 1/8 және 1/4 финалдық жекпе-жектер өтті.
Әйелдер арасында 1/4 финалда тәжірибелі былғары қолғап шеберлері сүрінген жоқ. Олар қарсыласын жеңіп, жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.
Қос дүркін Азия чемпионы Жайна Шекербекова (54 келі) Сәния Сұлтанқызын 4:1 есебімен жеңсе, ұлттық құраманың тағы бір көшбасшысы Карина Ибрагимова (57 келі) Айшагүл Елубаеваны 5:0 есебімен сүріндірді.
Ал Айдана Забынбекова (57 келі) дәл осындай есеппен Лаура Нышанбайды тізе бүктірсе, Азия чемпионы Римма Волосенко (60 келі) екінші раундта қарсыласын нокаутқа жіберіп, төрешілер шешімімен жекпе-жек тоқтатылды.
Сондай-ақ әлем чемпионы Валентина Хальзова (75 келі) Рената Григорьеваны бірінші раундтан кейін қапы қалдырды. Оның қрасыласы жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты.
Ал ерлер арасындағы 1/8 финалда 2020 жылғы Олимпиадаға қатысушы Әбілхан Аманқұл (85 келі) Сержан Еркінді, 2024 жылғы Қазақстан чемпионы Ертуған Зейнуллинов (65 келі) Бағлан Тұрсынбайды, 2017 жылғы жастар арасындағы Азия чемпионы Санатәлі Төлтаев (65 келі) Асылхан Көшербайды 5:0 есебімен айқын басымдықпен жеңді.
Ал 22 жасқа дейінгі жастар құрамасының көшбасшысы Илья Калинин (65 келі) төрешілер шешімімен Ермек Ерасылды 3:2 есебімен тізе бүктірсе, ұлттық құраманың тағы бір өкілі Сабыржан Аққалықов (75 келі) Нурбол Мұхаметәлиге 5:0 есебімен ешқандай мүмкіндік қалдырған жоқ.
Сондай-ақ жастар арасында 2025 жылғы Азия чемпионы Аман Қонысбеков (75 келі) Дамир Синеевтен 5:0 есебімен басым түсті.
Айта кетейік, чемпионат қорытындысы бойынша 2026 жылға арналған ұлттық құрама жасақталады. Биыл біріншілікке еліміздің 20 өңірінен 371 спортшы қатысып жатыр.