Бокстан Қазақстан құрамасының жаңа бас бапкері алдағы мақсаты туралы айтты

АСТАНА. KAZINFORM - Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының жаңа бас жаттықтырушысы Нұржан Насанов алдағы жоспары жөнінде айтып берді.

а
Фото: ҚБФ

Тәжірибелі маман қазірге дейін ұлттық құрама тізгінін ұстаған Қайрат Сәтжановты алмастырды.

- Жаңа қызметімде маған үлкен жауапкершілік артылып отыр. ҚР Туризм және спорт министрлігі, Қазақстан бокс федерациясы маған сенім білдірді. Әлемде еліміз бокс мектебі қалыптасқан, дәстүрі бар мемлекет ретінде бағаланады. Он жылдан бері мен осы салада еңбек етіп келемін. Басты ұстаным - құрамада тәртіп пен ауызбірлікті сақтау, жаттығу жүйесінде заманауи әдістемені қолдану. Бізді биыл жазғы Азия ойындары күтіп тұр. Дүбірлі додада нәтижелі ойын көрсетіп, одан әрі әлем чемпионаты және Олимпиада ойындарына нық қадам басуға көңіл бөлеміз. Бұл - құрама алдында тұрған алғышарттың бірі. Маған артылған сенім үшін алғыс айтамын. Алдағы уақытта Қазақстан боксының жарқын жеңістеріне бірге жетеміз деп сенемін, - деді Нұржан Насанов.

Айта кетсек, Нұржан Насанов 10 қаңтарда бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас жаттықтырушысы қызметіне Нұржан Насанов тағайындалды.

Ол бұл қызметте 2024 жылдың тамыз айынан бері болған Қайрат Сәтжановты алмастырды.

Соңғы жаңалықтар