Бокстан Қазақстан спартакиадасы: Жастар арасында таланттылар аз емес
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін, 5 мамырда Қызылорда қаласында бокстан Қазақстан спартакиадасында ширек финал ойындары мәресіне жетті. Жартылай финалға шыққан барлық былғары қолғап шеберлері белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қазақстан бокс федерациясына сілтеме жасап.
Жартылай финалда 52 келіде түркістандық Сәкен Бибосынов пен Ақтөбе облысының өкілі Абай Қуандықов алғашқы жұбында қолғап түйістіреді. Екінші жұпта Солтүстік Қазақстан облысынан келген Евгений Павлов пен көптеген халықаралық турнирлерде жүлдегерлер қатарынан көрініп жүрген астаналық Азат Махметов шеберлік байқасады.
Еліміздегі тәжірибелі былғары қолғап шеберлерінің бірі Саматәли Төлтаев 60 келіде ақмолалық Ерсұлтан Болатпен финалға берілетін жолдаманы сарапқа салады. Аталмыш салмақтағы тағы бір жұпта 2016 жылғы Қазақстан чемпионы Әділет Құрметов пен павлодарлық Серік Теміржанов сынға түседі.
Ақмола облысынан келген Талғат Шәйкен 69 келіде мамандар мен жанкүйерлер көзіне түсті. Биыл 19 жасқа енді келген ол спартакиада барысында қарсыласының бірін нокаутпен жеңді. Мамандар оның шеберлік деңгейін жоғары бағалап отыр. Бұл салмақтағы қалған боксшылардың барлығы - тәжірибелі спортшылар. Олардың қатарында жамбылдық Станислав Цой, павлодарлық Аятулла Тәкежанов пен Нұр-Сұлтаннан Қанағат Маралов бар.
Ал 81 келіде Азия чемпионатының күміс жүлдегері Ерік Әлжанов пен қызылордалық Қуандық Жүсіп шаршы алаңға шығады. Түркістандық тәжіибелі боксшы Дінислам Әбдешов жартылай финалда жастар арасындағы әлем чемпионы Нұрбек Оралбаймен шеберлік байқасады.
Ауыр салмақ саналатын 91 келіде 6 мамырда Қостанай облысынан келген Данил Семёнов пен ақтөбелік Ержан Сейтімбетов кездеседі. Ал тағы бір жұпта Нұр-Сұлтан қаласынан келген Нұрболат Сермаханов пен жамбылдық Нұрсұлтан Аманжолов тартысқа түседі.
Спартакиада барысында жарысты тамашалаушылар қатарында әлем чемпионы және екі мәрте Азия ойындарының күміс жүлдегері Біржан Жақыпов та болды. Ол бүгінде орталық әскери спорт клубы құрамасында аға бапкер қызметін атқарады.
«Біздің клуб құрамынан әр облыс командасы сапында сынға түсіп жатқан боксшылар бар. Атап айтсақ, Сәкен Бибосынов, Ержан Жомарт сынды жігіттер біздің мамандар тәлімін алып келеді. Биыл Қытайда әскери ойындар сайысы өткізіледі. Оны Олимпиада ойындары қатарында санауға болады. Дегенмен оған тек әскерилер қатыса алады. Оған біздің клуб құрамасы сапындағы жастар барады. Біз спартакиада барысында сол жарысқа үміткерлерді іріктеуге назар аударып отырмыз. Сондай-ақ, алда өткен Президент кубогында да дайындығы жоғары боксшыларды іріктейтін боламыз. Жас таланттарды да көзден таса етпейміз. Спартакиада барысында жастар құрамасы сапындағы боксшылардың тәжірибесі толысып келе жатқанын аңғардық. Дегенмен бұл ересектер арасындағы бәсеке екенін еске шығармауымыз тиіс. Әрине, олар әлі де техникасын жетілдіре түскені артықтық етпейді. Десе де олардың әлеуетін жоғары бағалауға әбден болады», - деді Біржан Жақыпов.
Естеріңізге сала кетелік, 6 мамырда жартылай финал ойындары Нұр-Сұлтан уақытымен 16.00-де Қызылорда қаласындағы «Мұз сарайы» аренасында басталады. Ал 7 мамырда 13.00-де финалға шыққан боксшылар бәсекеге түседі.
Біз бұдан бұрын 49, 56, 64, 75 және 91 келі салмақтағы былғары қолғап шеберлері шеберлік байқасқанын хабарлаған едік