01:15, 24 Ақпан 2023 | GMT +5
Бокстан «Странджа» кубогі: Қазақстандық екі боксшы 1/4 финалға шықты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Болгария астанасы София қаласында өтіп жатқан бокстан халықаралық «Странджа-2023» турнирінде төртінші жарыс күні мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл күні ел құрамасынан 1/8 финалда сегіз боксшы ринге шығуы тиіс еді. Олардың арасынан екеуі жарыстың 1/4 финалына жолдама алды.
Ел құрамасынан Оразбек Асылқұлов (57 келі) бразилиялық Луис Оливейраның осал тұсын тапса, Бекзад Нұрдәулетов (80 келі) сербиялық Артем Агеевті тізе бүктірді.
Ал Кенже Мұратұлы (51 келі) үндістандық Бишвамитра Чонгтхамға, Ернұр Қайрат (48 келі) грузиялық Лука Кублашвилиге, Бекзат Таңатар (86 келі) өзбекстандық Шохжахон Абдуллаевқа, Абзал Кұттыбеков (92 келі) грузиялық Артем Иорданянға, Темірхан Тезек (67 келі) өзбекстандық Бехзод Хамидовқа жол берді.
Сондай-ақ, қазақстандық Қамшыбек Қоңқабаевтың рингке шықпауына байланысты жеңіс өзбекстандық Баходир Джалоловқа берілді.