Болашағымды домбырасыз елестете алмаймын – Атырауда тұратын шетелдік

Домбыра
Фото: Кейіпкердің жеке қорынан

АТЫРАУ. KAZINFORM – Германияда кіндік қаны тамып, Ұлыбритания бойжеткен неміс қызы Сабина Мастерс бұрын Ресейде, Брунея мен Сирияда тұрған. Төрт жыл бұрын мұнайлы өңірге күйеуінің жұмыс бабымен көшіп келген. 

Оның айтуынша, мамандығы – дәрігер. Атырау қаласын велосипедпен аралайды. Жергілікті студенттерге ағылшын тілін тегін үйретеді. Қазақстанға келісімен қазақтың ұлттық салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тарихы мен әдебиетін, мәдениетін зерттеуге ден қойыпты. Жергілікті театр мен филармонияда өтетін мәдени іс-шараға жиі барады.

«Қазақтың ұлттық аспабы – домбырадан төгілген күйдің сазы ерекше әсер етті. Содан кейін домбыра шертуді үйренуге бел будым. Домбырада – екі ішекті аспап. Тез үйренемін деп ойлап едім. Алайда, біраз еңбектендім. Мұның бір ғана себебі бар. Қиындық тілге қатысты туындады. Өйткені домбыра сыныбының мұғалімі Ерлан Сақтанов ағылшынша білмейді, ал мен қазақша түсінбеймін. Бірақ, біз біз-біріміздің тілімізді жетік білмесек те, байланысымызды үзбедік. Ұстазым шыдамды екен. Төрт жылдан бері маған домбырамен күй шертуді үйретіп келеді. Коронавирус инфекциясы өршіген тұста онлайн дәріс берді», - дейді Сабина Мастерс. 

Үш домбыра сатып алған. Домбыраның екеуі Англиядағы үйінде сақтаулы тұр. Күн сайын домбыра сабағына қатысу үшін күніне төрт сағатын бөледі.

Қазір қазақтың бірнеше композиторының күйлерін орындауды меңгеріп алған. Әсіресе, күй өнерінің атасы – Құрманғазы, Дәулеткерей мен Дина, Әзидолла Есқалиев пен Қаршыға Ахмедияровтың 50-ге жуық күйін нақышына келтіре орындайды. 

шетелдік
Фото: Кейіпкердің жеке қорынан

Екі рет күй сайысына қатысқан. Алғашқысы – Батыс Қазақстан облысында Дәулеткерейдің туғанына 200 жыл толуына арналған байқау. Ал, былтыр Атырауда өткен Әзидолла Есқалиев атындағы байқауда арнайы жүлдеге ие болған. 

«Домбыраның үніне, қос ішегінен күмбірлей шыққан күйдің құдіретіне таңғаламын. Маған әсіресе, «Адай», «Балбырауын», «Қос алқа», «Мереке», «Қызыл қайың», «Ақсақ киік» күйі ұнайды. Ал, Құрманғазының күйлері тұнып тұрған тарих қой. Қазақ композиторларының күйлерінде әділетсіздікке қарсы күрескен қазақтың арман-мақсаты бар. Сол себептен, Құрманғазы күй өнері туралы диссертациялық жұмысымды қолға аламын. Бұл үшін Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінен қазақ тілін меңгеруді жоспарлап жүрмін. Қазақ ауылдарын аралап, Құрманғазының мұрасын толық зерттегім келеді. Өйткені, алдағы өмірімді домбырасыз елестете алмаймын», - дейді кейіпкеріміз. 

Шетелдік әйел қазақтың өнерін ғана емес, ұлттық тағамын да ұнатады. Үйінде ет асады. Шұбат пен қазы сатып жиі тұтынады. 

«Қазақтың жомарттығы әрі мәрт мінезі ұнайды. Қиналған жанға қол ұшын созатын мейірбандығы, қонақжайлық танытатын қарапайымдылығы таңғалдырды. Қазір қазақ достарым көбейді. Олармен жиі кездесіп, бір-бірімізді қолдап жүреміз», - дейді Сабина Мастерс. 

Оның күйеуі виолончельде, үш қызы гитарада, альт пен фортепианода ойнайды. Баларының бәрі музыка мектебін бітірген. Тек ұлы ғана музыкаға ден қойған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын атыраулық Зелимхан Зубариев қазақтың қариялары өкпесіне суық тиген шешесін қымызбен емдегенін айтқан еді. 

Соңғы жаңалықтар