Болашағымыз үшін дауысымды бердім - Оралбай Әбдікәрімов
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордада Оқушылар сарайындағы сайлау учаскесінде мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов пен ҚХА Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев дауыс берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінгі тарихи күнде болашағымыз үшін өзімнің дауысымды бердім. Әрине, ұсынылған кандиттардың бағдарламасына қарап, біздің халық өзінің болашағы үшін дауыс беріп жатыр. Соның ішінде ең ұтымдысы, сенімдісі, халыққа жақыны, сондай-ақ болашағын танитын бағдарламаға таңдау жасалады. Осы орайда бүгін мен дауыс берген кандидат еліміздің дамуын қамтамасыз етеді деп ойлаймын», - деді Оралбай Әбдікәрімов.
Еске сала кетсек, бүгін Қазақстан Президентін кезектен тыс сайлау басталды.
ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында ел ішінде және шет елдерде 9 968 дауыс беру учаскесі жұмыс істеуде. Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес, дауыс беру уақыты стандартты (сағат 7:00-20:00 аралығы) болады. Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстарында уақыт айырмашылығына байланысты сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де - Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 08:00-де ашылды.