Болашақ агроном үшін студенттік тәжірибе мерзімін 7-8 айға дейін ұзарттық - Ақылбек Күрішбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Біз ендігі жерде кадрларды жаңа тәсілмен даярлауымыз керек. Инновацияны білетін, өндіріске инновацияны енгізе алатын жаңа толқын, жаңаша ойлай білетін мамандар қажет, деді С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында.
None
None

«Соған байланысты біз қазір ғылыми-зерттеу университетін құруға кірістік. Халықаралық тәжірибеге сәйкес оқу орнының магистрлік бағдарламасын қайта жасадық. Университетте көптілді білім беру ісі жақсы жолға қойылды, яғни, жастарымыз қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде білім алып жатыр. Айталық, 2012-2013 оқу жылында бакалавриат пен магистратураға арналған 8 оқыту бағдарламасында бар болғаны 153 адам оқыса, 2015-2016 оқу жылына ол 48 оқыту бағдарламасына дейін өсіп, көптілді бағдарлама бо¬йын¬ша оқитын студенттер саны 974 адамға жетті.

Қазір университетте 164 мамандық көптілді оқу бағдарламасына көшті. 2012 жылдан бері арнайы бағдарлама аясында біздің университетімізге 105 шетел ғалымы келіп, дәріс оқыды. Ал оқытушы-профессорларымыз АҚШ, Сингапур, Малайзия, Венгрия елдерінен келген филолог маман¬дардан жыл сайын ағылшын тілінен дәріс алуда.

Тағы бір үлкен жаңалығымыз - бұрын біздің университетте тәжірибеден өту мерзімі үш-ақ ай болатын. Үш айдың ішінде болашақ агроном немесе мал дәрігері не үйренеді? Олар аграрлық үдерістердің бәрін өз көзімен көруі керек деп есептеймін. Соған байланысты қазір тәжірибе мерзімін 7-8 айға дейін ұзарттық.

Дамыған елдерде солай. Біз де сол дәстүрді қабылдадық. 82 мамандық бойынша дуалдық білім беру жүйесіне ауыстық. Бұл - біздің студенттер энергетика, ауылшаруашылық, техникалық, сәулет өнері, экономикалық, т.б. мамандықтар бойынша тек аудиторияда емес, өндіріс орындарына барып та сабақ алады деген сөз. Оқытушыларымызды Дэвистегі Калифорния университетіне жібердік.
Олар жаңа тәсілдерді, жаңа білім беру бағдарламасын үйреніп келген соң, оны өзімізге енгізеді.

Соңғы 3 жыл ішінде 60 оқытушымыз «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде шетелге барып білім алып келді. Олар - біздің университетіміздің болашағы. Егер осы жарқын жолдан айнымасақ, бұйырса, 5 жыл ішінде жақсы мамандар даярлап шығатын мүмкіндігіміз болады.

Елбасы әрқашан: «Велосипед ойлап табудың қажеті жоқ, шетелде оның бәрі жасалған. Тек соны бізге әкеліп, бейімдеу керек», дейді. Жоғарыда айтқандай, біз өзіміздің алғашқы серіктесіміз - ауыл шаруашылығы саласы бойынша маңдайалды, әлемдегі ең үздік Дэвистегі Калифорния университетімен әрі қарай да тығыз қарым-қатынаста бірлесіп жұмыс істейміз», -деді ректор өз сұхбатында.

Соңғы жаңалықтар