«Болашақ» - әлемнің таңдаулы әрі жетекші оқу орындарында жоғары дәрежелі білім алу мүмкіндігі - «Болашақ» түлегі

- Шетелде білім алу отандастарымыздың өміріне қалай әсер етеді деп ойлайсыз?
- Біздің шетелдік жоғары оқу орындарына оқуға түсіп жатқанда шығарма жазғанымыз есімде. Шығарманың тақырыбы «Елге оралғанда шетелде алған білімімді іс жүзіне қалай асырамын?» еді. Қазір «Болашақ» бағдарламасының түлектері өздері алған білімдерін Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік дамуына пайдаланып жатқанын көріп, әрбір адамның қосқан үлесі біздің еліміздің дамуында аса маңызды екенін ризашылықпен сезінесің. Бұл біздің еліміздің болашағы жарқын екендігіне сенім ұялатады. Оның үстіне, біз шетелде оқыған мамандығымыз бойынша білім мен ғылымның әлемдік байлығының қыр-сырын біліп қана қоймай, оның бір бөлігіне айналдық. Біз өз болашағымызға үлкен инвестициялар сала отырып, күштірек болғанымызды сезіндік.
Шетелдегі өмір ой-өрісіңді кеңейтіп, жан-жақтылығыңды тереңдете түседі. Ал ең бастысы, шетелде, туған жеріңнен алыс жерде жалғыз қалсаң, көшбасшылық қасиеттерің дамиды. Өзіңді өз ойыңды дәлелдеуге, одан әрі жетілдіруге, өзіңді басқаруға үйретесің. Жаңа буынның мұндай басшылары, көшбасшылары мықты мемлекеттің құрылуының негізі болып табылады.
- Шетелде алған біліміңізді пайдалана отырып, Қазақстанда нені өзгертер едіңіз?
- Бұл кеңінен талқыланатын тақырып. Дегенмен, мен екі аспектіге назарларыңызды аударғым келеді. Менің ойымша, экономикада ең маңыздысы - шикізаттық бағыттан кетіп, оны әртараптандыру, шағын және орта бизнесті дамыту болмақ. Экономиканы әртараптандыруда ірі қалалардан қашықтағы және ауылдық жерлердегі кәсіпорындарға қаржы ресурстарын ұсыну, микро және шағын секторларды қаржыландыруды арттыру арқылы банк секторын одан әрі дамыту болмақ.
Күшті ел күшті тұлғалардан құралатындықтан, халыққа тегін қаржы білімін беруді ілгері жылжыту қажет деп санаймын. Бұл қор биржасында инвестиция салу құралдарымен танысу деңгейінде ғана емес, сонымен бірге персоналды қаржы-бюджеттеуді, жоспарлауды, мониторинг жүргізуді басқару мәселелері де қатысты. Сонда ғана әр адамның өз қаржысына, уақыты мен өміріне, сондай-ақ өз еліне жауапкершілікпен, бар ынтасымен қарау мүмкіндігі туады.
- Қызмет бабымен шетелдіктермен жиі жүздесіп, тілдесіп жатасыз. «Болашақ» бағдарламасының осы орайда Сізге пайдасы зор шығар?
- Мен 10 жыл бойы Қазақстанның банк секторында қызмет еттім. ҚР Ұлттық қорының алтын валюталық резервтерін және активтерін басқаратын команданың құрамында, одан кейін капиталдардың халықаралық нарығында жұмыс істейтін бөлімдердің жетекшісі болдым. Халықаралық компаниялармен және ұйымдармен ынтымақтастық құру бағытындағы жұмысқа шетелде алған білімімнің тигізер пайдасы зор. Бұл Қазақстан экономикасының дамуына үлес қоса отырып, жаңа құралдар, жобалар мен тәсілдер енгізуге мүмкіндік береді. Қазір мен халықаралық ұйымда қызмет етемін. Мұнда Ұлыбританияның университетінде менеджмент бойынша жинаған білімімнің пайдасы қатты байқалды. Оқып-тоқығаным кешенді мәселелерді шешуді, өздігіңмен жоспарлау және өз жұмысыңды ұйымдастыруды, басқару жобаларын құру және жүзеге асыруды игеру мүмкіндігін берді. Шетелде алған білімің дамудың ұлттық стратегияларын жасау және жүзеге асыруға, экономикалық және демократиялық реформаларды ілгері жылжытуға, институционалдық және адами әлеуетті күшейтуге, өмір сүру сапасын жақсартуға, өзіңнің жеке және кәсіби өсуіңді ынталандыруға көмектесетіні айқын.
- Сіз қалай ойлайсыз, отандық оқу орындарында берілетін білімнің шетелдікінен қандай айырмашылығы бар?
- Батыстық білім беру жүйесі тәжірибелік болып келеді. Оқу барысында «case studies» сияқты көптеген тәжірибелік материалдар қаралады. Тапсырмалар көбінесе жазбаша орындалады. Олар сараптамалық ойлауды, проблемаға тұтастай қарау қабілетін, академиялық жазу өнерін дамытады. Оқу үдерісі көбінесе дербес жұмысқа негізделген. Бұл пәндерді оқуда тұрақтылық, жүйелілік, алға мақсат қоюды, оған жетуде табандылық, басымдықтарды таңдау қабілеті, өз уақытыңды жоспарлау сияқты қасиеттерді бойыңда дамытуға мүмкіндік береді. Сенің болашағың сенің интеллектуалдық және жеке дара өсуіңе ғана байланысты екеніңді түсіне бастайсың. Семинарлар барысында студенттерге еркін әрі салмақты ойлауға, өз көзқарасыңды жеткізуге мүмкіндік беретін пікірталастар ұйымдастырылады.
- Бүгінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға түсу қаншалықты қолайлы және мемлекет оны жақсарту үшін тағы не істеуі керек деп ойлайсыз?
- «Болашақ» бағдарламасы қазақстандық жастардың болашағы үшін ойластырылған бір аса игілікті шара деп білемін. Ол ел тәуелсіздігімен бірге дүниеге келді, ал түлектерінің басым көпшілігі Отанына қалтқысыз қызмет етуде. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел болашағы - жастар үшін жасап отырған орасан зор қамқорлығы. Әрине, бағдарламаға біз түскен кезден бері уақыт талабына сай бірталай өзгерістер енгізілді. Ең бастысы, сыбайластыққа, тамыр-таныстыққа жол берілмейді. Мұнда басты талап терең білімі мен отанына адал қызмет ету ниеті болуы тиіс. Еліміз, Елбасымыз талантты жастардың шетелдердегі таңдаулы оқу орындарынан білім алуына қаржы аяп отырған жоқ. Оның игілігіне жұрттың ендігі көздері жетіп отыр дер едім.
--0-
ҚазАқпарат анықтамасы: Меруерт Аманқызы Жанғожина 1994 жылы шетелге алғаш аттанған студенттердің бірі. Сол жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің «Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығында оқып жүрген ол «Болашақ» Президенттік бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Кент графтығының университетіне түсіп, «Менеджмент ғылымы» мамандығын игерген. М.Жанғожинаның қызмет ету жолы ҚР Ұлттық банкінің Монетарлық операциялар департаментінен басталды. Одан кейін Қазақстанның Даму банкінде Қазынашылық және қарыз алу департаментіне басшылық етті. Қазір БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстан Республикасындағы Операциялық мәселелері жөніндегі департаментінің басшысы.