«Болашақ» бағдарламасы аясында орман саласы мамандықтарын оқыту қажет - депутат

Орман шаруашылығы
Фото: «Ертіс орманы» резерваты

АСТАНА. KAZINFORM — ШҚО-да бір орманшының қамтитын аумағы 3 мың гектарға созылып жатыр. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде орманды қорғау тақырыбына арналған Үкімет сағатында депутат Еділ Жаңбыршин айтты.

«Кейінгі екі жылдағы екі ірі өрттен келген залалдың сомасы 182 миллиард теңгені құраған және 100 мың гектардан астам орман жойылды. Орманды қалпына келтіруге кемі шамамен 20-30 жылдай уақыт кетеді. Ал, осы іс-шараларға ірілендірілген есептеулер бойынша 150,9 миллиард теңге қажет болады. Яғни жалпы шығын шамамен 384 миллиард теңгені құрап отыр.

Ал, азаматтық қорғау саласындағы бірінші кезектегі шаралардың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес, республиканың барлық орман шаруашылықтарын материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету үшін 68 миллиард теңге қажет екен. «Сараң екі рет төлейді» деген сөз бар. Жалпы шығын қажет сомадан бес жарым есе асып тұр. Үкімет керек соманы тез арада шешіп, бүкіл материалдық-техникалық базаны жаңалап алғаны тиімді емес пе? Бұл мемлекет үшін де, табиғат үшін де пайдалы боламақ», - деді Е. Жаңбыршин.

Оның айтуынша, орман заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын Орман шаруашылығы комитетінің жұмысы да көңілден шықпай отыр. Кейінгі 2 жылда табиғатты қорғау мекемелерінің объектілерінде 80-нен астам тексеру жоспарланғанымен, тек 1 ғана тексеру жүргізілген.

«Басқаша айтқанда, Комитет республика өңірлеріндегі нақты ахуалдан және нақты мәселелерден хабарсыз деуге болады. Бұл кешенді тексеру жоспарларын жасау кезінде Комитет басшылығының өзекті әрі маңызды мәселелерді ескермейтінін және осы салада қалыптасқан жағдайдан бейхабар екенін көрсетіп отыр», - деді депутат.

Сонымен қатар ол орман мекемелерінде кадрлардың тапшылығы мәселесіне тоқталды. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының 13 орман шаруашылығында 747 орманшы қызмет атқарып келеді, бұл нормативтің 70%. Бір орманшының қамтитын аумағы 3 мың гектардай.

«Жүктеме үлкен. Бұдан басқа, жалақы мен әлеуметтік қолдау мәселесі, орман мекемелерінің қызметкерлерін орман өрттерін сөндіру тактикасы мен тәсілдеріне оқыту, сондай-ақ қауіпсіздік техникасын сақтау бойынша сапалы даярлау жүйесінің болмауы өзекті мәселелердің бірі саналады. Жоғары оқу орындарында «орман ісі» мамандығы бойынша гранттар санын арттыру және Төтенше жағдайлар министрлігі оқу орталықтарының базасында орман өрттерін сөндіру станцияларының қызметкерлерін оқыту мен үйретуді қолға алу қажет. Орман өрттерін болғызбау және оған қарсы күрестің заманауи әрі тиімді шаралары қолданылатын елдермен ынтымақтастық орната отырып, олардың тәжірибесін зерделеу және қолдану қажет. Бұл – Түркия, Оңтүстік Корея, Канада, Балтық елдері және басқалар. Сондай-ақ, «Болашақ» бағдарламасы аясында орман саласы мамандықтары бойынша жоғарыда аталған елдерге жастармызды оқуға жіберу қажет. Біздегі ақпаратқа сәйкес «Болашақ» бағдарламасы аясында бірде бір орман шаруашылығы маманы даярланбаған», - деді Еділ Жаңбыршин.

Соңғы жаңалықтар