«Болашақпен» оқығаннан кейін Қазақстанда қызмет ету міндеттемесі заңға қайшы ма
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Конституциялық соты «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты түсірген шағымды қарады. Ол түлектер оқуын аяқтағаннан кейін Қазақстан аумағында қызметін өтеу талаптарымен келіспейді.

Азамат Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 11 маусымдағы № 573 қаулысымен бекітілген «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларының 24-тармағының 5-тармақшасының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы Конституциялық Сотқа жүгінген.
Соттың мәліметінше, өтініш беруші «Болашақ» бағдарламасының түлектері оқуын аяқтағаннан кейін Қазақстан аумағында қызметін өтеу талаптарымен келіспейді. Дәлел ретінде өтініш беруші еңбек қызметін қашықтықтан жүзеге асыру форматын көздейтін Еңбек кодексін көрсеткен. Демек, өтініш берушінің пікірінше, қызметін өтеу мақсатында Қазақстан аумағында нақты болу талап етілмейді.
Алайда Конституциялық Сот «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқыту тараптардың өзара келісімі бойынша оқу басталғанға дейін жасалатын азаматтық шарт негізінде жүзеге асырылатынын көрсетті.
— Мұндай келісім тараптардың, оның ішінде оқудан кейін тікелей Қазақстан Республикасының аумағында қызметін өтеу жөніндегі міндеттемелерді алдын ала ерікті түрде қабылдауын көздейді. Бұл шарт Ережелерде ғана емес, білім туралы заңнан да туындайды, — деп хабарлады Конституциялық соттан.
Осылайша, Қызметін өтеу жөніндегі ережелер нормасының Конституцияға сәйкестігін тексеру үшін негіздер жоқ екені айтылған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 2017 жылы «Болашақ» халықаралық стипендия бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның бір университетінде магистратура дәрежесін алған стипендиаттың өтінішін қарағанын жазған едік. 5 жыл өткеннен кейін стипендиат уәкілетті органдарға кепілге салынған мүлікті ауыртпалықтан босату туралы өтінішпен жүгінген. Алайда оған бағдарлама ережелерінде көзделген міндетті еңбекпен өтеуді орындамағаны үшін өтініші қанағаттандырылмаған болатын.