«Болашақ» бойынша тағылымдамадан өтетіндердің басым бөлігі - дәрігерлер

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл «Болашақ» бағдарламасы бойынша 700 стипендия бөлінді. Бұл туралы бүгін ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен өткен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысынан кейін «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Ғани Нығыметов мәлім етті.
None
None

«Комиссияның отырысында бірнеше мәселелер қаралды. Біріншісі - алдымыздағы бес жылға арналған «Болашақ» бағдарламасының даму жоспарының іске асуы туралы білім және ғылым министрі баяндама жасады. Біз осы даму жоспарын жүзеге асыруға толықтай кірісіп кеттік. Осы жылы бірқатар өзгерістер жасалды. Соның ішінде ағылшын тілі бойынша талаптар күшейтілді. Екіншіден, биыл бұған дейін болмаған жаңа квоталық санат енгізілді, яғни «магистратураға инженерлік-техникалық қызметкер»  санаты ашылды. Осы ретте бүгінгі отырыста  инженерлік-техникалық мамандарға стипендия тағайындалды», - деп тоқталды ол.

Ғ. Нығыметовтың сөзіне қарағанда, жаңа стипендиялар аясында «Болашақ» бағдарламасы бойынша сәуір-мамыр айларында 300-ге жуық  құжат тапсырылды.

«Соның 137 үміткері бүкіл кезеңнен жақсы өтіп, бүгін стипендия иегері атанды. Осылардың арасында 100-і магистратураға, 8 адам докторантураға, қалған 29 үміткеріміз қысқа мерзімді тағылымдамаға барады. Олардың көбісі (28-і) - дәрігер мамандар»,-деді ол.

Инженерлік-техникалық, ІТ-технология, геология, металлургия, өнеркәсіп салалар мамандықтары секілді бағыттарын таңдағандар көптеп өтті.

«Биыл құжат қабылдаудың екі кезеңі қалып отыр. Көктемгі кезең бойынша бүгін 137 үміткерге стипендия тағайылды. Енді жазғы кезеңде, яғни маусым-шілдеде құжаттарды қабылдап, оның шешімін тамыздағы отырыста жасаймыз. Кейіннен тамыз-қыркүйекте қабылданған құжаттар бойынша желтоқсанда қосымша стипендия береміз. Жалпы, биылға 700 стипендия бөлінді», - деді Ғ. Нығыметов.

Атап айтқанда, ағымдағы жылдың басынан бері бағдарлама ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының 2016-2020 жылдарға арналған жаңа даму жоспары бойынша іске асырылуда, құжатта оны жаңартудың негізгі бағыттары белгіленген.

Соңғы жаңалықтар