«Болашақ» халықаралық стипендиясы 217 қазақстандыққа берілді

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Kazinform Ақордаға сілтеме жасап.

«Болашақ» халықаралық стипендиясы 217 қазақстандыққа берілді
Фото: Ақорда

Қазіргі таңда «Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткерлер саны өте көп. Барлық бағдарлама мен бағыттар бойынша жалпы конкурс бір орынға 4 адамды құрады. 

Биыл бұл жаңа ереже бойынша өткізіліп жатқан «Болашақ» стипендиясын тағайындауға арналған екінші байқау атап өткен жөн. Үміткерлер конкурстық іріктеудің үш кезеңінен өтті: кешенді тестілеу, әңгімелесу және ең жоғары балл жинаған қатысушыларды Республикалық комиссия іріктеу. 

Шәкіртақы алуға 981 үміткер өтініш білдірді. Оның 916-сы бірінші, 659-ы екінші, 217-сі үшінші кезеңді аяқтады. 

Отырыс барысында Республикалық комиссия 217 Қазақстан азаматына «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау туралы шешім қабылдады. 

Оның ішінде 167 адам магистратурада, 13-і докторантурада, ал 37 қазақстандық әлемнің үздік университеттері мен орталықтарында кәсіби тағылымдамадан өтеді. 

Бұл ретте стипендиаттардың 67,7%-ы жаратылыстану және техникалық пәндер бойынша, 32,3%-ы әлеуметтік-гуманитарлық бағытта білім алады. 

Республикалық комиссия ғылыми тағылымдамадан өтуге конкурстық іріктеу нәтижелерін де қарады. Барлығы 165 өтінім берілді. Үш деңгейлі конкурстық іріктеу қорытындысы бойынша 68 қазақстандыққа әлемнің жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтуге стипендия берілді. 

Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Болашақ» халықаралық стипендиясын одан әрі жүзеге асыру және жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар берді. 

Соңғы жаңалықтар