«Болашақ» халықтық бағдарламаға айналды - А.Ахметжанов

тереңірек оқыту мектебінің (SAIS) магистратурасына оқуға түсті. Аталмыш мектеп халықаралық қарым-қатынастар мен әлемдік экономика саласында мамандарды дайындау жөнінен Гарвардпен және Колумбиямен қатар тұрған, АҚШ-тағы, жалпы әлемдегі барынша беделді оқу орындарының бірі болып табылады.
- Мен магистр деңгейі үшін «Энергетикалық ресурстар, қоршаған орта, техника және технологиялар» және «Халықаралық қаржы» деген 2 мамандықты таңдадым. SAIS-те ұсынылған мамандықтардың ішінде мен үшін ең тартымдылары әрі Қазақстанның өркендеуіне лайықты үлес қосу үшін қажеттісі де осылар болды. Ал Қазақстанда мен Қарағанды мемлекеттік университетінде «Халықаралық экономикалық қарым-қатынастар» мамандығы бойынша жоғары білім алған болатынмын.
- Ануар Мұратұлы, үйреншікті жүйден бөлек, шетелде оқу барысы бірінші кезекте сізге нені үйретті?
- АҚШ-тағы білім беру жүйесі сол жылдардағы (1998-2000 жылдар) қазақстандық жүйеден әлдеқайда айрықша. Ол студенттердің өздігімен білім алуға барынша бағытталған, онда қандай да бір «идеяларды тықпалау» деген жоқ. Алғашқы кездері өзің таңдау жасап, сабақты өз еркіңмен оқығандықтан, қиын болды. Көп уақытымды кітапханаларға жұмсап, топпен жұмыс істеуге үйрендім. Оқу, өз көзқарасыңды жеткізе білу, өз ұстанымыңды қорғау, басқалардың ой-пікірін тыңдап, одан пайда шығаруды да үйретті.
- Алған біліміңіздің Отанға оралғасын қаншалық пайдасы тиді? Дәлірегі, білім-білігіңізді тиісінше қолдана алдыңыз ба?
- Оқуымды бітіргеннен кейін мамандығымды ескере отырып, «Қазақойл» Ұлттық мұнай-газ компаниясында жұмыс істей бастадым. Алғашқы күндерден бастап-ақ, шетелде жинаған білімімді жұмыста қолдануға тырыстым. Алғашқы күндердің «эйфориясы» өткеннен кейін, өзім сияқты алдына үлкен мақсат қойған мыңдаған жастармен «жақсы мағынада» бәсекеге түсетінімді түсіндім. Бүгін мен «болашақтықтар» өздерін тауып, сұранысқа ие болғанына, үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жатқандығына шын жүректен ризамын.
Жұмыс істеп жүрген алғашқы күндерде өзім үшін бір нәрсені көкейге түйдім: жақсы білім алу жеткіліксіз, оны тәжірибеде пайдалана білу және тұрақты жетілдіріп отыру қажет. Менің ойымша, маған жұмысымда көмектесетін негізгі ереже осы. Оның үстіне, жағдайға сараптама жасай білу, өздігіңнен шешім қабылдау, бастамалар ұсыну, нәтижелерге қол жеткізу - Қазақстанда кәдеге жаратып отырған шетелде алған негізгі білімімнің бірі.
- Білім алудан басқа, шетел Сізге не берді, қандай тұстары есте қалды?
- Ең алдымен, өзіңе, өз күшіңе және мүмкіндіктеріңе сенуге үйретті. АҚШ-тағы оқу - шетелге алғаш рет ұзақ уақытқа шығуым болды. Үйден алыста, жалғыз, жат ел, бөтен тіл. Барлығы саған, сенің іс-әрекетіңе байланысты болғандықтан, осының бәріне төзуге тырысасың.
Екіншіден, жауапкершілікке үйретті. Президенттік бағдарлама стипендиаты атауының өзі осы беделді мектепке студент ретінде мені таңдау кезінде өзекті факторлардың бірі болды. Сондықтан, оқуымның бірінші күнінен бастап аяғына дейін мен үлкен жауапкершілікті сезіндім, жай ғана студент емес, өз елімнің, халқымның, Елбасымның өкілі болдым. Сол кездері менің шетелдегі курстастарымның көпшілігі Қазақстан туралы аз білетін. Олардың еліміз туралы пікірі шетелде білім алып жатқан студенттер - қазақстандықтарға қарап қалыптасты. Біз оқуда болсын, спортта болсын, барлық жағынан ең үздік болуға тырыстық. Қажетті білім алып, өмірлік тәжірибе жинауға, оны өз елімізде лайықты пайдалануға тырыстық.
Үшіншіден, барынша ашықтылық пен әртүрлі адамдармен еркін сөйлесуге, араласуға үйретті. Америка - ұлт, дін, әлеуметтік жағдай жағынан, тіпті жай өмірге деген көзқарас жағынан жан-жақты ел. Сондықтан, әрбір жағдайда сол сәтке сәйкес өзіңді ұстай білу керек. Дегенмен, ашықтылық пен әркімге түсінікті болуыңды ұмытпау керек. Қазір бұл оңай сияқты. Ал сенің жасың 20-дан енді асқанда - бәріне үйренуге тиіссің. Әрине, тағы көп нәрсе есімде қалды: көп естіген Америкадағы өмір, басқа елдердің студенттерімен қарым-қатынас, олардың салт-дәстүрлерімен және мәдениетімен танысу. Оған қоса, Отаныңды сағындырған күндер бар. Қалай болғанда да, қандай қиындықтар болмасын, бұл жақсы уақыт болды деп санаймын. Оқу кезінде танысқан көптеген студенттермен дос болып қалдым, әлі күнге дейін араласып тұрамыз.
- Елбасы «Болашақ» стипендиясын «серпінді жоба» деп атады. Бағдарламаның түлектері еліміздің дамуына қандай үлес қосып отыр?
- «Болашақтықтардың» еліміздің дамуына қосып жатқан үлесі жайында көп айтылды, қайталағым келмейді. Бүгінде «Болашақтың» стипендиаттары Қазақстан үшін маңызды бағыттардың белсенді қатысып келеді. Тек мемлекеттік қызметте емес, жеке секторда да. Түлектердің барлығы энергиясы асып-тасып, сүйікті ісімен айналысуда, үлкен құрметке ие. Жалпы алғанда, жұмыста ғана емес, жеке өмірінде де үлкен жетістіктерге жете білген адамдар деп білемін.
- «Болашақтықтардың» барлығы бағдарламаға және оның жаңашылдығына баса назар аударып келеді. Қалай ойлайсыз, аталмыш стипендия қаншалықты қолайлы және мемлекет оны одан әрі жақсартуы үшін не істеу керек?
- «Болашақ» стипендиясы санын өсірумен барынша қолайлы болды. Оның үстіне стипендиаттардың географиясы да барынша кеңейді. Егер бұрын бұл негізінен АҚШ, Ұлыбритания және Германия оқу орындарының студенттері болса, қазір Қытай, Ресей де қосылды. Жаңа Зеландияда да оқиды деп ойлаймын. Бұл да бағдарламаның қолайлылығын бағалауға болатын фактор. «Болашақ» халықтық бағдарламаға айналды деп санаймын.
Бағдарламаны жақсартуға қатысты айтатын болсам, «жетілдірудің шегі жоқ». Сондықтан, белгілі бір оң өзгерістер әлі де болады деп ойлаймын. Қорыта келгенде, мен «Болашақ» стипендиаты болу мүмкіндігі туған, әлі де осы мүмкіндікке қол жеткізе алатын әрбір адам қандай болмасын қиындықтарға қарамастан, өзіне сеніп, жоғары білікті маман болуға тырысуы керек деп санаймын. Мен «Болашақ» бағдарламасының түлегі болғанымды, Қазақстанның азаматы болғанымды мақтан тұтамын.
Сонымен бірге, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа бізге деген тұрақты қамқорлығы үшін, 1993 жылы «Болашақ» халықаралық стипендиясын бекіту туралы шешім қабылдағаны үшін үлкен алғысымды білдіремін. «Болашақ» мен үшін жаңа мүмкіндіктер ашты.