Болашақ, махаббат және әзілден туған жанжал: AAIFF 2026 жеңімпаздары фильмдері туралы айтып берді
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Astana AI Film Festival (AAIFF 2026) халықаралық кинофестивалі аяқталды. Жасанды интеллект көмегімен түсірілген фильмдер фестивалі 1-3 қазан аралығында өтті. 3 қазанда марапаттау рәсімі өтіп, әлемнің әр түкпірінен келген авторлар мен режиссерлер арасындағы халықаралық байқаудың жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Фестиваль жасанды интеллектке арналған іс-шаралар топтамасын біріктірген AI Month айлығы аясында ұйымдастырылды. AAIFF 2026 бағдарламасына байқау көрсетілімдері, іскерлік бағдарлама және авторлар мен креативті индустрия өкілдерінің қатысуымен өткен панельдік пікірталастар кірді.
Биыл фестивальге әлемнің 125 елінен 8 067 өтінім түсті. Ресми комиссия олардың ішінен финалға 25 жұмысты іріктеді. Финалистерді ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас директоры әрі Францияның бұрынғы мәдениет министрі Одри Азуле, China Film Group жасанды интеллект зерттеулері институтының деканы Ма Пин, Бейжің киноакадемиясы анимация факультеті деканының орынбасары Ван Хао, кәсіпкер әрі инвестор Баладжи Сринивасан, сондай-ақ BytePlus компаниясының Таяу Шығыс, Африка, Үндістан, Түркия және ТМД елдері бойынша бас менеджері Ли Лонг кірген халықаралық қазылар алқасы бағалады.
Байқау қорытындысы бойынша бес арнайы номинация мен The Future Worth Living In — «Өмір сүруге тұрарлық болашақ» негізгі тақырыптық бағдарламасының жеңімпаздары анықталды.
Арнайы номинацияларда Қазақстан, Қытай, Италия, АҚШ және басқа елдердің авторлары жеңіске жетті. Best Character номинациясында Мырзахан Жұмаханның IT WAS JUST A JOKE фильмі, Best Story номинациясында 2xLabs ұжымының The Last Span жұмысы, Best Visual номинациясында Якопо Дзанеттидің (Jacopo Zanetti) What’s the Job? фильмі, Best Direction номинациясында Якопо Реаленің (Jacopo Reale) The Fracture картинасы және Best Concept номинациясында Закари Лондонның (Zachary London) Pomegranate фильмі үздік атанды.
Әр арнайы номинацияның жүлдесі 50 мың долларды (шамамен 22,4 млн теңге) құрады.
«Қарапайым әзіл үлкен жанжалға ұласады»
Best Character номинациясында қазақстандық автор Мырзахан Жұмахан жеңімпаз атанды. Оның фильмі қарапайым әзілден басталып, біртіндеп үлкен жанжалға ұласатын комедиялық оқиғаны баяндайды.
Автордың айтуынша, фильмге күрделі мағына жүктеуге тырыспаған, басты мақсаты — жеңіл әрі көңілді оқиға жасау.
— Менің фильмім комедия жанрында. Оқиға ит пен иесінің ағасы қарапайым әзіл үшін төбелесіп қалуынан басталады. Кейін бәрі үлкен жанжалға ұласады. Мен фильмге қандай да бір күрделі немесе астарлы мағына беруді мақсат еткен жоқпын. Бұл — менің өзімді де белгілі бір деңгейде сипаттайтын жеңіл оқиға. Өйткені мен әзіл-қалжың мен көңілді дүниелерді ұнатамын. Шынымды айтсам, бәсекелестікке байланысты қатты қобалжыдым. Мұнда талантты әрі мықты қатысушылар өте көп болды. Барлығы фильмдерін жасауға көп күш пен уақыт жұмсады. Сондықтан әрқайсысы лайықты қарсылас болды деп ойлаймын, — деді Мырзахан Жұмахан.
Қытайлық автордың фильміне көне картина арқау болған
Ашық байқаудың тағы бір жүлдегері — қытайлық автор Лю Шухэн. Оның жұмысына көне қытай картинасы негіз болған. Фильмнің идеясы досымен ажырау және кейін қайта қауышу туралы әңгімеден кейін туған.
Фильмді жасау кезінде команда Seedance 2.5 және басқа да арнайы құралды пайдаланған.
— Біздің оқиғамызға негіз болған дүние — көне қытай картинасы. Бұл тақырыпты досыммен алғаш талқылаған кезде әңгіме кездейсоқ айырылысу мен қайта қауышу мәселесіне ауысты. Бұл тақырып бізге қызық көрінді. Сондықтан оны фильмнің негізіне алдық. Бұл жолы Seedance 2.5 және тағы бір арнайы құралды қолдандық, — деді Лю Шухэн.
Автордың айтуынша, команда сценариймен шамамен бір жарым ай жұмыс істеп, фильмді жасауға көп күш жұмсаған.
— Бұл марапат біз үшін өте маңызды. Сценарийді әзірлеу кезеңінің өзінде оны жетілдіруге бір жарым ай жұмсадық. Бұл жұмысқа бар күшімізді салдық, оны жасауға толықтай берілдік. Сондықтан үздік сценарий үшін марапат алу — біз үшін үлкен мәртебе, — деді ол.
Итальяндық режиссердің фильмі адам таңдауын арқау еткен
Best Visual номинациясында итальяндық режиссер Якопо Дзанеттидің What’s the Job? фильмі жеңіске жетті. Ол фильмінде адамның таңдауы мен өмірдегі өз жолын табу тақырыбын қозғаған. Оқиғаның визуалды фоны ретінде күнделікті жұмыс ортасына ұқсас кеңсе кеңістігін пайдаланған.
— Бұл фильм негізінен таңдау туралы. Күнделікті жұмыспен байланысты классикалық кеңсені фон ретінде алдым. Бірақ шын мәнінде бұл — өмір және дұрыс таңдау жасау үшін кейде өз ісіңе назар аударудың маңызы туралы фильм. Кейде адамдар бізге кеңес беріп, бағыт көрсетуге тырысады. Бірақ бұл бізді әрдайым қажет жерге апара бермейді. Әр адамның өз жолы бар. Фильмнің негізгі идеясы да осы, — деп түсіндірді Якопо Дзанетти.
Қазір Дзанетти Миланда тұрып, жұмыс істейді. Ол италиялық UVI стартапына арналған визуалды жобалармен айналысады. Компания оркестрлер мен классикалық концерттерге арналған шешімдер әзірлейді. Сонымен қатар режиссер жеке фильмдерін түсіріп, байқауларға қатысады және тапсырыспен жобалар жасайды.
Бұған дейін ол фотографияны оқыған, кейін механикалық инженерия мамандығына түскен. Алайда соңында оқуын тастап, кино саласына бет бұрған.
— Мен 27 жастамын, Венецияда дүниеге келдім. Қазір Миланда қызыммен бірге тұрамын. UVI үшін визуалды жобалар жасаймын, сонымен қатар өзім үшін, байқауларға және тапсырыс бойынша фильмдер түсіремін. Бұған дейін фотография оқыдым, ал одан бұрын университетте механикалық инженерия мамандығында білім алдым. Бірақ кейін оқуымды тастап, арманымның соңынан еруді — фильм түсіруді таңдадым, — деді ол.
Жеңімпаздар жарияланғаннан кейін режиссер болған жағдайды әлі толық түсініп үлгермегенін айтты.
— Мен өзімді түсімде жүргендей сезініп жүрмін. Әлі күнге дейін не болғанын толық түсінген жоқпын, сөз таба алмай отырмын. Бұл марапатқа қатты қуандым. Осыдан кейін бұл жұмысқа деген құштарлығым одан әрі арта түсті. Өте ризамын, — деді Дзанетти.
Негізгі жүлде $450 мыңды құрады
The Future Worth Living In негізгі тақырыптық бағдарламасына 10 финалдық жұмыс енді.
Бағдарлама қорытындысы бойынша Испаниядан келген Эрнест Десумбила Looking for Perseida фильмімен үшінші орын және 100 мың доллар, Үндістан режиссері Абхик Банерджи Sitara картинасымен екінші орын және 200 мың доллар алды.
Ал басты жүлде — 450 мың доллар — Латвиядан келген Николай Шестактың The First Honest Day фильміне бұйырды.
Шестак бұған дейін актер болған. Шамамен төрт жыл бұрын режиссурамен айналыса бастаған, ал екі жыл бұрын жасанды интеллект көмегімен фильмдер жасай бастаған.
Режиссер байқауға ұсынылған жұмыстардың саны мен жанрының алуан түрлілігін ескеріп, жеңіске жетемін деп мүлде күтпегенін айтты.
— Жеңіске жетемін деп мүлде ойламадым. Мұнда керемет фильмдер мен түрлі жанрдағы жұмыстар өте көп болды. Сондықтан қазылар алқасы неге менің фильмімді таңдағанына өзім де таңғаламын. Фильм түсіргенде оған өзімнің бір бөлшегімді, ойларымды қосамын. Мұның бәрін жұмысымнан көруге болады, — деді Николай Шестак.
Басты жүлдені алғаннан кейін режиссер алдағы жоспарын да бөлісті. Ол кино түсіруді жалғастырып, жүлде қаржысын жаңа жобаларына жұмсамақ. Сонымен қатар Алматыға барып, Қазақстанмен жақынырақ танысуды жоспарлап отыр.
— Біраз демалып, Астананы тамашалағым келеді. Ертең алғаш рет Алматыға ұшамын. Қазақтың тағамдарынан дәм татып, табиғатын көріп, адамдармен араласқым келеді. Маған Астана да, Қазақстан да қатты ұнайды. Ал жүлде ақшасын жаңа фильмдер түсіруге жұмсағым келеді, — деді режиссер.
«Sitara»: арманына жетуге ұмтылған адам туралы
Негізгі байқауда екінші орын алған үндістандық режиссер Абхик Банерджидің Sitara фильмі қиындықтарға қарамастан мойындалып, өз орнын табуға ұмтылған адам туралы.
Басты кейіпкер қарапайым қызметкер болып жұмыс істейді және жеке өміріне көп уақыт бөле алмайды. Соған қарамастан ол жағдайын өзгертуге тырысады.
— Менің фильмім айналысатын ісі арқылы үлкен жетістікке жетіп, өзін танытқысы келетін адам туралы. Ол өз ісінде жетістікке жетіп, еңбегінің бағаланғанын қалайды. Бірақ бұл оған өте қиынға соғады. Ол қарапайым қызметкер болып жұмыс істейді және жеке өмірі де жоқтың қасы. Сондықтан кейіпкер өз қалағанына қол жеткізуге тырысып, соңында сюрреалистік оқиғаға тап болады, — деді Абхик Банерджи.
Режиссердің айтуынша, фильм кейіпкердің өмірін өзгертуге мүмкіндік іздеуі мен өзін көрсетуге деген талпынысын суреттейді.
— Фильмімде адам өз арманының соңынан еріп, тап болған жағдайдан шығуға тырысады. Ол өмірін мәнді өткізгісі келеді. Әрқайсымыз өз мүмкіндігімізді күтеміз. Әлемнің кез келген жерінде адам өзін көрсетуге мүмкіндік іздейді. Маған осындай мүмкіндік берілгеніне, шамасы, жолым болған. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдар өз сәтін, өз тарихының басты кейіпкері болуға мүмкіндік беретін кезді күтеді, — деді ол.
Үндістандық режиссер Қазақстанға алғаш рет келген. Алдағы уақытта ол бірнеше толықметражды фильмнің сценарийімен жұмысын жалғастырып, жұмыстарын халықаралық фестивальдерге ұсынуды жоспарлап отыр.
— Мен бірнеше толықметражды фильмнің сценарийін жаздым. Оларды міндетті түрде түсіргім келеді. Әдеттегідей, оларды халықаралық фестивальдерге ұсынуды жоспарлап отырмын. Бұл — қызықты жобалар. Оларды көрерменнің көргенін қалаймын. Олар адам табиғаты, эмоция мен драма, күнделікті сезініп, бастан өткеретін дүниелеріміз туралы. Әр адам өз арманын жүзеге асырғысы келеді. Менің фильмдерімнің негізгі тақырыбы да осы, — деді режиссер.
«Looking for Perseida»: робот-ковбойдың махаббат іздеуі
Үшінші орынды Барселонадан келген Эрнест Десумбила Looking for Perseida фильмімен иеленді.
Картина Сайлас есімді робот-ковбой туралы. Адамның жанын арқалаған кейіпкер антиутопиялық әлемдегі шөл даланы кесіп өтіп, сүйіктісі Персейді іздейді. Фильмдегі ерекше кейіпкерлердің бірі — жауыздардың рөлін сомдайтын дельфиндер.
Десумбила фильмді небәрі 10 күнде түсірген. Фестиваль туралы оған әйелі айтып берген. Байқау жайлы білген кезде жұмыстарды қабылдау мерзімінің аяқталуына санаулы күн қалған.
— Бұл мүмкіндік туралы маған әйелім айтты. Фестиваль туралы білгенімде дедлайнға небәрі он күн қалған екен. Алғашында мұны жасау мүмкін емес сияқты көрінді. Бірақ байқап көруге шешім қабылдадым. Үйге қамалып алып, фильмді он күнде түсірдім. Соңында бәрі ойдағыдай болғанына өте қуаныштымын, — деді Эрнест Десумбила.
Режиссер фильмнің идеясы қалай туғанын да айтып берді. Оған «Өмір сүруге тұрарлық болашақ» деген сөз тіркесі түрткі болған.
— Фильмім «Өмір сүруге тұрарлық болашақ» деген сөзден шабыт алды. Сол күні Барселонадағы фестивальден ұсыныс алғанымда, сыртта нөсер жауып тұрды. Сол көріністі қысқаметражды фильмнің финалы ретінде елестеттім. Кейін сол финалға алып келетін бүкіл оқиғаны жасадым. Осылайша фильмнің сюжеті біртіндеп пайда болды, — деді ол.
Алған марапат режиссерге жұмысын жалғастыруға қосымша мотивация берген. Дегенмен оның басты кәсіби мақсаты өзгермеген — толықметражды фильм түсіру.
— Осындай жобалармен жұмыс істеуді жалғастырғым келеді. Бірақ көптен бергі арманым — толықметражды фильм түсіру. Бірнеше жобам бар. Бұл марапат сол арманымды жүзеге асыруға күш пен шабыт берді. Әңгімелер айтуды және жобаларымды дамытуды жалғастырғым келеді, — деді ол.
Фестиваль қатысушылары үшін Астанаға сапар тек байқаумен шектелмеді. Олар елордамен танысуға да мүмкіндік алды. Десумбила әсіресе қаланың сәулеті мен Ұлттық музейге барғанын ерекше атап өтті.
— Маған бұл қала өте ұнады. Бағдарлама аясында бізге Астананы көрсетті. Басқа өнер адамдарымен араласу сапардың ең жақсы бөлігі болды деп ойлаймын. Жергілікті тұрғындардың қонақжайлығы да ұнады. Өзімді мұнда үйдегідей сезіндім. Бұл керемет әсер, — деді режиссер.
«AI-киноның қызығы — технологияның өзінде емес»
Фестивальдің тең құрылтайшысы әрі AAIFF креативті директоры Айзат Құсайыновтың айтуынша, қатысушылардың назары тек технологияға емес, оның авторларға ашып отырған жаңа мүмкіндіктеріне ауды.
— Бүгінгі AI-киноның ең қызықты тұсы — технологияның өзі емес, авторлардың оны пайдаланып не жасап жатқаны. Фестиваль барысында өте мықты әрі бір-біріне ұқсамайтын жұмыстарды көрдік. Олар ерекше визуалды шешімдерден бастап, оқиға айтудың жаңа тәсілдеріне дейін қамтиды. Әртүрлі елдердің режиссерлері мен авторлары AI платформаларын өз идеяларын жүзеге асырудың жаңа құралы ретінде қалай пайдаланатынын бақылау өте қызық. Нәтижесінде халықаралық жоба қалыптасты. Жұмыстардың ауқымы мен сапасына қарап, AI-кино әлемдік киноиндустрияның дербес бағытына айналып келе жатқанын көруге болады, — деді Айзат Құсайынов.
Фестивальдің тең құрылтайшысы әрі AAIFF кеңесінің төрағасы Алмас Жали қатысушылардың халықаралық құрамын және жобаны одан әрі дамыту жоспарларын атап өтті.
— Осындай халықаралық фестивальдің дәл Қазақстанда өтуі өте маңызды. Астана әлемнің түкпір-түкпірінен киноиндустрия, технология және креативті индустрия өкілдері тоғысатын алаңға айналсын деп отырмыз. Алғашқы фестиваль бізге жақсы серпін берді. Енді міндетіміз — жобаны одан әрі дамыту, халықаралық қатысушылар қауымдастығын кеңейту және кино мен жасанды интеллект тоғысындағы авторларға жаңа мүмкіндіктер жасау, — деді Алмас Жали.
Astana AI Film Festival фестивалінің жалпы жүлде қоры 2 млн долларды құрайды. Оның 1 млн долларын Freedom Holding Corp. жанындағы Freedom Шапағат корпоративтік қоры жүлде қоры ретінде ұсынды. Қалған 1 млн доллар болашағы зор AI-командаларға инвестиция ретінде бөлініп, Қазақстандағы кино өндірісі мен AI экожүйесін дамытуға бағытталады.
2 және 3 қазанда финалистердің жұмыстары MEGA Silk Way сауда-ойын-сауық орталығындағы Chaplin кинотеатрында үлкен экраннан көрсетілді.
Алғашқы Astana AI Film Festival халықаралық кәсіби қауымдастықты AI-киноны дамыту және авторлар мен креативті командаларға жаңа мүмкіндіктер ашу төңірегіне біріктірді. Фестиваль киноның болашағын, шығармашылық үдерісте жасанды интеллектіні қолдануды және жаңа AI-креативті индустрияны дамыту мәселелерін талқылайтын халықаралық алаңға айналды.
Бұған дейін студенттер жасанды интеллект саласындағы 515-тен астам шешім әзірлегенін жазғанбыз.