«Болашақ ойындары-2026»: Қазақстанда халықаралық турнир өтеді

АСТАНА. KAZINFORM – Ендігі жылы Астанада phygital форматындағы «Болашақ ойындары – 2026» мультиспорттық турнирі өтеді. Халықаралық бәсекеге 100-ден астам елден 1,5 мыңға жуық спортшы қатысады деп жоспарланған. Бұл туралы «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ баспасөз жиынында ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев мәлімдеді.

ойын
Фото: Ақорда

– Жарыс 18 шілде мен 1 тамыз аралығында өтеді. Турнир екі апта бойы 13 дисциплина бойынша ұйымдастырылады. Спортшылар phygital форматында футбол, файтинг, баскетбол, дэнсинг, хоккей, шутер, батл, MOB 1, MOB 2 және дрон рейсинг спорт түрлерінен бақ сынайды. Турнирде ұсынылатын барлық дисциплина спорт, техника, батл санаттарына бөлінеді, – дейді вице-министр.

Phygital International ұйымының бас директоры бұл турнирдің ерекшелігін түсіндірді.

2026 жылы «Болашақ ойындары» іс-шарасын өткізуге лайықты қаланы таңдау үшін көптеген ел арасында өте мұқият іріктеу жүргіздік. Шынында, ұйымдастырушы қала атану үшін айтарлықтай күш салу керек болды және соңында Қазақстан іріктеуден жеңіп шықты. Мен Phygital International ұйымының атынан Қазақстан Президенті мен Туризм және спорт министрлігіне осы іс-шараны ұйымдастыруға мүмкіндік бергені үшін алғысымды білдіргім келеді. Бұл – физикалық және цифрлық спорт түрлерін біріктіріп, жаңа тәжірибелер тудыратын бағыт. Біз дәстүрлі спорт түрлерін бейне ойындармен біріктіреміз. Яғни, олар шынайы өмірмен қоса, виртуалды да тәжірибе жинай алады. 2026 жылы «Болашақ ойындары» бүкіл әлемнің назарын өзіне аударады. Біз бүкіл әлемдік ұйымдарды біріктіреміз. «Болашақ ойындары» іс-шарасында бұрын-соңды ешқандай жарыстарда болмаған жоғарғы деңгейдегі жаңа технологиялар қолданылады. Біз спортшылардың жүрек қағысын ойын барысында тікелей бақылай аламыз. Ұйымдастыру барысында қолданатын инструменттеріміз ештеңемен салыстыруға келмейді. Сіздер мұны уақыты келгенде көресіздер, – дейді Нис Хатт.

Ал вице-министр халықаралық турнирді өткізуге қажетті қаражатты қайдан алатындарын айтты.

– Бұл турнирді ұйымдастыруға қажетті қаражатты жауапты министрлік анықтап жатыр. Бірақ қаржылық шығынға халықаралық, ауқымды шараға қатысқысы келетін демеушілер, инвесторлар мен коммерциялық ұйымдар да атсалысатынын атап өткім келеді. Жарысқа шетелден келетін туристердің көп болуы шетелдік инвесторлар мен демеушілерді тартуға көмектеседі. Жалпы шығынды айту үшін алдымен республикалық бюджеттен қанша ақша бөлінетінін, қанша қаражат демеушілер тарапынан өтелетінін және шараны ұйымдастырушы ұйымның бюджетінен қанша қаржы берілетінін анықтауымыз керек, – дейді Серік Жарасбаев.

Астанада өтетін жарысты көрермен де тамашалай алады. Әзірге билет құнының қанша болатыны белгісіз.

– Ойындарды тамашалау үшін көрерменге билет сатылады. Біз бұл жарыс аясында көптеген турист келеді деген үміттеміз. Бірақ қазір билет бағасының қанша теңге болатыны белгісіз. Алдымен әр нысандағы отыру орындарын белгілеп, спорттың түріне қарай ғимараттың мүмкіндіктерін қарастыру керек. Содан кейін ғана билеттердің саны мен бағасы белгілі болады, – дейді Спорт және туризм министрлігінің өкілі.

Жарыс жүлдегерлеріне 10 млн АҚШ доллары көлемінде сыйақы беріледі.

«Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирінің жалпы жүлде қоры – 10 млн АҚШ доллары. Бұл 13 спорт түріне бөлінеді. Бірақ кей спорт түрлерінің жүлде қоры көп, кейбіреуінікі аз болады. Жүлдегерлерге берілетін сыйақы демеушілердің көмегімен өтеледі. Біз қазір демеушілерді тарту бойынша қарқынды жұмыс атқарып жатырмыз. Қазір өздері қызығушылық танытып, келіп жатқан компаниялар да бар. Осы мүмкіндікті пайдаланып, «Болашақ ойындары – 2026» іс-шарасын өткізу үшін сенімді серіктестерді іздестіріп жатқанымызды айтқым келеді. Бұл турнирдің әлеуеті өте үлкен, – дейді «КазСпортИнвест» АҚ президенті Алибек Хасенов.

Айта кетейік, 19-27 шілде аралығында Қырғызстанда алғаш рет халықаралық Gallops ат жарысы өтпек.

Соңғы жаңалықтар