«Болашақ ойындары»: қазақстандық файтер Нұржігіт Баймен алғаш рет Phygital Fighting додасына қатысады
АСТАНА. KAZINFORM — 8 тамызда Астанада өтіп жатқан халықаралық Болашақ ойындары аясында Phygital Fighting дисциплинасы бойынша жарыстар басталады. Еліміздің намысын қорғайтын спортшылардың бірі Нұржігіт Баймен Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында жарыс алдындағы дайындығымен бөлісті.
DAR TEAM клубының спортшысы Нұржігіт Байменнің айтуынша, жарысқа қатысу туралы ұсыныс оған турнир басталардан үш апта бұрын түскен.
Спортшы қысқа уақыт ішінде салмақ қуып, жарысқа дайындалғанын айтты.
— Маған ұсыныс түсті, үш апта қалғанда келісім бердім. Салмақ жасау міндетті болды. Бүгін өлшеуден өттік, бәрі жақсы. 61,7 келіде өнер көрсетемін. Ұйымдастыру деңгейі өте жоғары, — деді Нұржігіт Баймен.
Оның айтуынша, Phygital Fighting классикалық жекпе-жектен өзгеше форматымен ерекшеленеді.
— Шынымды айтсам, компьютер ойындарына қатты қызықпаймын. Жұмыс, жаттығу, уақыт та көп болмайды. Бірақ бұл формат қызық екен. Әуелі виртуалды жекпе-жек өткізесің, содан кейін бірден октагонға шығасың. Біз үшін бұл жаңа тәжірибе, жаңа эмоция, — деді спортшы.
Нұржігіт Баймен жеребе нәтижесінде тәжірибелі қарсыласпен кездесетінін атап өтті. Қарсыласы Тәжікстанның тәжірибелі спортшысы.
Сонымен қатар спортшы жарыстың ұпай есептеу жүйесінің де ерекшелігіне тоқталды.
— Бұл жарыста ойыннан алған ұпай мен октагондағы жекпе-жектен алған ұпай бірге есептеледі. Егер бірінші раундта жеңсең, сегіз ұпай беріледі, кейінгі раундтарда ұпай өзгереді. Соңында барлық нәтиже командалық есепке қосылады, — деді Нұржігіт Баймен.
Айта кетейік, бұған дейін, Астанадағы турнирдің қаралымы 85 млн-ға жеткенін жазған едік.