«Болашақ» стипендиясына құжат қабылдау қашан басталады – бұйрық жобасы
АСТАНА. KAZINFORM – «Болашақ» халықаралық стипендиясына құжат қабылдау және конкурсты өткізу мерзімін бекіту туралы Ғылым және жоғары білім министрі бұйрығының жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Жобада «Болашақ» халықаралық стипендиясына құжат қабылдау 2025 жылғы 3 наурыз бен 17 қазан аралығында жүргізу жоспарланып отыр. Ал конкурсты өткізу 2025 жылғы 1 сәуір мен 31 желтоқсан аралығы болып бекітілсін делінген министрдің бұйрығында.
Құжат жобасы биыл 23 қаңтарға дейін қоғамның талқысына ұсынылып отыр.
Еске сала кетейік, Мәжілісте дарынды жастарға «Болашақ» арқылы бакалавр деңгейінде білім алуға рұқсат беретін заң жобасы қаралып жатыр.
Сондай-ақ, «Болашақ» бағдарламасы бойынша кімдер бакалавр деңгейінде оқи алатынын жазған болатынбыз.
Айта кетсек, былтыр желтоқсанда 271 азаматқа «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау туралы шешім қабылданды.