Заң жобасы: Дарынды жастарға «Болашақ» арқылы бакалавр деңгейінде білім алуға рұқсат беріледі
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс заңнамаға дарынды балаларды қолдау саясатын жетілдіруді, мемлекеттік тілдің қолданысын біріздендіруді көздейтін заң жобасын әзірлеп жатыр. Осы жұмыс тобының жетекшісі, Мәжілістегі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовпен аталған құжаттың жаңашылдықтары туралы сұхбаттасқан едік.
- Асхат мырза, бұл заң жобасында қазақ тіліндегі қолданыстарды біріздендіруге бағытталған нормалар бар екен. Әңгімені содан бастасақ...
- Заң жобасында мемлекеттік тілдің цифрлық ұлттық сөздік қорын жасау туралы арнайы норма бар. Бұл норма мемлекеттік тілді жасанды интеллекттің күшімен дамытуды көздейді. Chat GPT бар, «Алиса» бар, осының бәрі қазақ тілінде жақсы жұмыс істеуі үшін біріздендірілген сөздік қоры, яғни, тілдік ақпараттық жүйе керек. Біріншіден, ол ақысыз, екіншіден, бәріне қолжетімді болады. Мейлі бизнесмен, мейлі аудармашы болсын, кез келген азамат осы жүйеге кіріп, өзіне қажетті мәтінді түзете, тексере алады. Қазір, мысалы, маңдайшадағы мәтіннің қазақша нұсқасы қате аударылғаны туралы ескерту естіп жататын мекемелер көп. Тіліміздің нормасы туралы ақпараттар цифрлық ресурс арқылы бәріне оңай қолжетімді болмағандықтан, ондай олқылықты жүйелі түрде жою мүмкін болмай отыр. Біз ұсынып отырған ақпараттық жүйе осы мәселені де шешуге көмектеседі. Бұл бір ғана мысал. Цифрлық сөздік қоры қазақ тілін өмірдің сан қырлы саласында қолданудың нұсқаулығы болады деп отырмыз. Біз бұл істе өзге елдердің тәжірибесін де қарадық. Мұндай тәжірибе Эстонияда, Оңтүстік Кореяда, Финляндияда, Ресейде де бар.
Қысқасы адамзат цифрлық әлемде өмір сүріп жатқандықтан қазақ тілінің де цифрлық сөздік қоры керек. Сөздік қор деген жекелеген сөздер ғана емес, сөз тіркестері, терминдер, әр сөз тіркесімдік өрісі мен емлесін, т.б. сөзге қатысты тілтанымдық білімдерді қамтитын база. Қазір де түрлі сөздік, терминдер тізімі бар. Бірақ орталықтандырылған жүйе болмағандықтан, әркім өз деңгейінде, қолда бар дерекқорға сүйеніп, басқаларымен салыстыра дұрысын анықтай алмай қалады. Орталықтандырылған мемлекеттік сөздік қор болса, қазақ тілінің қолданысында бірізділік қалыптасар еді.
Жасанды интеллектіні дамыту бойынша Президенттің тапсырмасының аясында ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Оны білесіздер. Енді осы Сөздік қор жасау оны қолжетімді қылу жасанды интелектіні қазақша сөйлетуге ықпал етеді. Жасанды интеллектіні сөйлету бар сөздерді құя салумен шектелмейді. Адам әр сөзді қолданылған орнына, дыбысталған ырғағына қарай қандай мағынада айтылып тұрғанын түйсігімен түсіне алады. Жасанды интелектіде ондай түйсік болмағандықтан әр сөзге алгоритм жазылады. Мысалы бір сөзді 500 контексте беруіміз керек. Әрбір сөзді ығайына қарай, әр контексте бермесең, алгоритмін енгізбесең, робот оны қалай пайдаланатынын білмейді.
Сондықтан бұл - үлкен жұмыс. Бұл - жай ғана сөздік емес. Сондықтан тіл үздіксіз дамып отырады десек, цифрлық сөздік қорымыз да сонымен бірге ілесіп жетілдіріліп отыруы керек. Ал ұғымның өзі заңда болмаса, үздіксіз жетілуіне қаражат бөлу қиын.
- Ол сөздік қорды кім әзірлейді, кім бекітеді?
- Ақпараттық жүйенің жұмысын жүргізетін құзыретті мекеме болады. Оны Үкімет анықтайды. Мысалы, біз Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығын осы іске жауапты етіп бекітуді ұсынып отырмыз. Есесіне жаңадан ұйым құрудың қажеті болмайды. Сондай-ақ, заңға «Қазақ тілінің ұлттық корпусы» деген түсінікті енгізіп жатырмыз.
- Менің білуімше, қазақ тілінің цифрлық корпусын құру деген мәселе бұған дейін де көтерілді. Енді соны заңға әкелудің қандай қажеттілігі бар?
- Ол мәселе заңда қарастырылмаған еді. Жұмыс жүйелі, үздіксіз жүруі үшін заңға енгізіп, бекітіп жатырмыз. Тілдің түрлі корпустары болады, мысалы, бір белгісі немесе авторы, тақырыбы т.б. ерекшелігі бойынша жинақталған мәтіндердің арнайы корпустары болады – диалектологиялық корпус, ақын-жазушы мәтіндері корпусы, поэтикалық корпус, т.б. Сол сияқты белгіленім қойылғаны, қойылмағаны, белгіленімі толық немесе жартылай жасалғаны болады. Белгіленім дегеніміз, корпусқа алынған мәтіндерді құраушы әрбір тілдік бірлікке немесе сол мәтіндердің өзіне қатысты ғылыми негізделген ақпарат, әдетте тілдік бірлікке қатысты ақпараттар лингвистикалық , ал мәтінге қатыстысы филологиялық және энциклопедиялық сипатта болады. Ал тіллдің Ұлттық корпусы дегеніміз - ақиқат дүниедегі тілдің барлық көрінісін қамтитын, яғни қазақ тілі қай салада, жанр, стильде қолданылса, сондағы мәтіндердің ауқымды базасынан тұратын, әрі оның қазіргі ғана емес, тарихи кезеңдердегі мәтіндерін де ұсына алатын ресурс. Жай ғана мәтіндердің электронды жинағын ұсынып қоймай, сол мәтіндегі мейлінше көп тілдік бірліктерге – дыбыстарға, сөздерге, жалғау, жұрнақтарға, сөз тіркестері мен фразеологизмдерге, мақал-мәтелдерге т.с.с. қатысты жан-жақты лингвистикалық ақпарат беретін, әрбір мәтіннің өзі бойынша мейлінше толыққанды дереккөзтанымдық ақпаратпен қамданған,
алуан түрлі сұранысқа сәйкес іздеу жүйесі бар ақылды база. Оны ғылыми қауымдастық, яғни лингвистикалық ғылыми орта жасағаны абзал. Қазақ тілінің ұлттық корпусын заңға енгізгеніміздің бір себебі – осындай виртуалды кеңістіктегі сапалы тілтанымдық контент жасау ісіне салмақ беру, осы істің үздіксіз жүргізілуін қамдаумен байланысты болды.
- Сонда Қазақ тілінің ұлттық корпусын жасау ғалымдардың еңбегін қажет етені болып тұр ғой?
- Әрине, сондықтан заңда осы нормаға қатысты мемлекеттік ғылым саясатына жауапты құзырлы органды атап отырмыз. Қазіргі кезде тіліміздің түрлі корпустары жасалып жатқаны аян, солардың ішінде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институы қазіргі және тарихи кезеңдегі тіліміздің түрлі жанры мен стиліндегі ауқымды мәтіндер базасы негізінде алуан түрлі белгіленімі бар корпус әзірлемешісі болып отыр. Дегенмен Қазақ тілінің ұлттық корпусы әлде де толығуы, тереңдеуі, жетілуі керек деп ойлаймыз.
- Бірізділік дегеннен шығады, заңда бұл ақпараттық жүйеге қандай да бір мәртебе беріле ме?
- Бұл ашық ақпараттық жүйе болады. Бұл әдістемелік құрал, көмек, қолжетімді ресурс ретінде тілдің бірізділікке жетудің құралы болмақ.
-Жақсы. Дарынды балаларды қолдау нормаларына ойыссақ. Бұл нормалардың жаңашылдығын қандай?
- Бұл да өте маңызды. Қазіргі таңда спортшыларымызды, бір жағынан, Меценаттар, тағы бір жағынан, мемлекет қолдап отыр. Қоғамда халықаралық пән олимпиадаларында жеңімпаз атанған білімді оқушыларды да Олимпиада ойындарында жеңімпаз атанған спортшылар сияқты қолдау керек деген пікір талайдан бері айтылып жүр. Бұл бағыттағы алғашқы қадамдар жасалған де еді.
Президенттің тапсырмасымен 2021 жылдан бастап халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары Қазақстанның кез келген оқу орнына ҰБТ-сыз грантқа түсе алатын жағдай жасалды. Әлемнің 100-200-ге жуық мемлекеті қатысатын, дүниежүзі мойындаған олимпиадалар енгізілген Оқу-ағарту министрлігінің тізімі бар. Сол тізімдегі олимпиада жеңімпаздарына ғана осындай қолдау көрсетіледі. Өйткені, дүниежүзілік болғанымен, ауқымы тар, бәсекесі соншалық үлкен емес білім сайыстары бар. Олар министрлік тізіміне енбеген. Министрлік тізіміндегі олимпиадалардың жеңімпаздарына бір рет 5 млн теңге сыйақы беру мәселесі де жолға қойылды. Бұл жолғы заң жобасында біз ұсынып отырған нормалар осы қолдау шараларының логикалық жалғасы десек болады.
Нақтырақ айтсақ, халықаралық олимпиадаларда ғана емес, ғылым сайыстарында да жеңімпаз атанған дарынды жастарға дәл осындай қолдау көрсетуді ұсынып отырмыз. Мысалы, робот техникасы саласында үш мәрте әлемді мойындатқан жастар бар. Соларға пән олимпиадаларының жеңімпаздарына көрсетілгендей лайықты қолдау жасауға қазіргі заң мүмкіндік бермейді. Осы қайшылықты жоюды ұсынып отырмыз. Яғни халықаралық, әлем мойындаған ғылым сайыстарының жеңімпаздары да халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпазы сияқты мемлекеттен қолдау алуы мүмкін болмақ.
- Заңда спорттағы олимпиада жеңімпаздарымен бірдей марапаттау жағы неге қарастырылмаған? Соларға төленетін жүлде қорын қайта бағыттауды неге ұсынбай отырсыздар?
- Біріншіден, бір саланың бюджетін екінші салаға беру мүмкін емес.
Екіншіден, біз «Болашақ» бағдарламасының аясын кеңейтуді ұсынып жатырмыз. Қазір «Болашақ» бағдарламасы бойынша тек магистратура және докторантура деңгейінде ғана білім алуға болады. Біз соған бакалавриатты да қосып отырмыз. Бірақ ол бәріне емес, тек дарынды; яғни арнайы тізімге кірген, таңылған, беделді деген халықаралық олимпиадада немесе ғылыми сайыста жеңімпаз атанған талапкер, өз бағыты бойынша әрі қарай білім аламын десе, оған «Болашақ» бағдарламасы» аясында шетелде мемлекет есебінен жоғары білім алуға мүмкіндік беріледі. Өйткені халықаралық деңгейде көзге түскен балаларымызды әлемнің үздік оқу орындары өздеріне баурап әкетіп жатыр. Ал мемлекет ол балаға балабақшадан бастап мектеп бітіргенге дейін инвестиция салып келді ғой. Бір жағынан қарасаң, дарынды жастарымызды шетелдің озық оқу орындарына өз есебімізден дайындап беріп жатқан сияқтымыз. Ол балалар «Болашақ» арқылы бакалавр дәрежесінде білім алғаннан кейін кемінде 3 жыл бойы Қазақстанда жұмыс істеуге міндеттеледі.