Болашаққа бағдар: мектеп пен бизнес серіктестігі жаңа сапаға шықты

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда педагогтар, сарапшылар мен жұмыс берушілер бас қосқан халықаралық конференция өз жұмысын түйіндеді. Қатысушылардың пікірінше, кәсіби бағдар жүйесін жаңғырту — еліміздің адами капиталының сапасын арттыруға ықпал ететін негізгі тетік. 

Болашаққа бағдар: мектеп пен бизнес серіктестігі жаңа сапаға шықты
Фото: The Ulytau Educational Foundation білім қоры

Атырауда «Қазіргі өзгерістер заманындағы мансаптық білім: өңірлік сын-қатерлерден жүйелі шешімдерге дейін» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиынға шамамен 300 маман — мұғалімдер, мектеп басшылары, кәсіби бағдар берушілер, сондай-ақ қазақстандық және шетелдік сарапшылар қатысты. Форум бүгінгі қарқынды әлеуметтік-экономикалық өзгерістер жағдайында оқушыларды болашақ еңбек нарығына бейімдеудің жаңа тәсілдерін талқылауға арналған ауқымды диалог алаңына айналды.

Пленарлық отырыста Атырау облысы Білім беру басқармасы басшысының орынбасары Света Аманшиева, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері, Canadian International School, «Қазақмыс» корпорациясының политехникалық колледжі, APEC PetroTechnic жоғары колледжі және Қарағанды облысының мектептері ұсыныстарын ортаға салды.

Болашаққа бағдар: мектеп пен бизнес серіктестігі жаңа сапаға шықты
Фото: The Ulytau Educational Foundation білім қоры

«Өрлеу» біліктілік арттыру институтының Атырау облысы бойынша филиал директоры Маржан Ғалымжанова кәсіби бағдар беру жүйесінің сапасы ел экономикасының тұрақтылығы мен еңбек ресурстарының бәсекеге қабілеттілігін айқындайтынын атап өтті.

— Мектеп пен жұмыс беруші арасындағы серіктестікті күшейту — оқушыларды болашаққа дайындаудың негізгі шарты. Бірлескен жобалар балаларға мамандықты саналы түрде таңдауға жол ашады әрі салалардың нақты қажеттілігін түсіндіреді, — деді ол.

Оның айтуынша, кәсіби бағдар беретін арнайы педагогтердің енгізілуі және заманауи консультациялық тәсілдердің қолданылуы мектептердің еңбек нарығындағы өзгерістерге жедел бейімделуіне мүмкіндік береді.

Конференцияның негізгі мақсаты — үнемі өзгеріп отыратын жағдайларда мансаптық білімді дамытудың жүйелі механизмдерін талқылау. Қатысушылар кәсіби бағдарлауды білім беру процесіне енгізудің жаңа әдістерін қарастырып, тәжірибе алмасты. Сонымен қатар кадр даярлау ісіне әсер ететін өңірлік ерекшеліктер мен сын-қатерлер кеңінен талқыланды.

Болашаққа бағдар: мектеп пен бизнес серіктестігі жаңа сапаға шықты
Фото: Қазақмыс

Жаһандық үрдістерге де ерекше назар аударылды. The Ulytau Educational Foundation қорының директоры Марина Хан қазіргі заманның басты ерекшелігі — үздіксіз білім алу қажеттілігі екенін атап өтті.

— Бүгінде адам өмір бойы оқиды. Сондықтан мектептегі кәсіби бағдар беру мүлде жаңа мағынаға ие болуда. Оқушылардың оқу кезінде-ақ болашақ жұмыс берушілерімен байланыс орнатуы үшін бизнес, мемлекеттік құрылымдар және білім ұйымдары күш біріктіруі тиіс, — деді ол.

Конференция мемлекеттік органдарды, бизнес құрылымдарын және білім беру ұйымдарын тоғыстырған маңызды алаң болды. Шараны The Ulytau Educational Foundation қоры, Атырау облысының әкімдігі мен Білім беру басқармасы, «Атамекен» ҰКП, APEC PetroTechnic жоғары колледжі, «Өрлеу» орталығы және Canadian International School Astana ұйымдастырды.

Жиын «Болашаққа бірге: мектеп пен бизнес серіктестігінің жастарды заманауи карьерлік трендтерге және сын-қатерлерге бейімдеудегі рөлі» атты дөңгелек үстелмен түйінделді. Онда өңірдің корпоративтік сектор өкілдері білім беру ұйымдарымен ықпалдастық тәсілдерін талқылады. BRIF Research Group президенті Александр Рузанов қазақстандық жастардың көзқарасы мен кәсіби үміттеріне қатысты зерттеу нәтижелерін ұсынып, «кәсіпорын — мектеп» жүйесіндегі өзекті тенденцияларды атады. Сондай-ақ Petrocouncil және The Ulytau Educational Foundation өкілдері сөз сөйледі.

Дөңгелек үстел модераторы, Business Advancement School компаниясының тең құрылтайшысы Айжан Хамитова сындарлы диалогтың еңбек нарығы мен мектеп арасындағы байланысты нығайтуға сеп болатынын айтты. Талқылау бизнес өкілдерінің жас мамандарды даярлау үдерісіне қатысуға дайын екенін, ал кәсіби бағдардағы жүйелі тәсіл бұл жұмысты едәуір тиімді ететінін көрсетті. Кездесу қорытындылары мектеп оқушыларына қазіргі заманғы мансаптық трендтерді түсінуге және сұранысқа ие мамандықты сенімді таңдауға мүмкіндік беретін кең ауқымды серіктестіктің маңызын дәлелдеді. 

Соңғы жаңалықтар