Болашақта қазақ тілін нағыз мемлекеттік мәртебесіне сай тілге айналдыруды мақсат тұтқан бағдарлама әзірленді

жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасын талқылауға арналды. Болашақта қазақ тілін ортақ тілге айналдыруды мақсат тұтқан бағдарламаны әзірлеу барысында 30-дан астам шетелдің мемлекеттік тіл саясатына қатысты мәселелерді құқықтық реттеу тәжірибелері зерделеніпті.
Сонымен, еліміздің Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед таныстырған бағдарлама Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың маңызы факторы саналатын мемлекеттік тілді балабақша, мектеп, ЖОО, мемлекеттік қызмет пен қоғамдық-саяси, әлеуметтік-кәсіпкерлік саланың барлығында бірдей батыл қолданысқа енгізіп, қазақстандықтардың өмірлік қажетіне айналадыруды мақсат тұтып отыр. Бұл орайда аталған нәтижелерге қол жеткізу 4 негізгі мақсат аясында топтастырылған.
Бірінші мақсатта мемлекеттік тіл - ұлт бірлігінің басты факторы екендігін нығайту. Министрдің атап өтуінше, бағдарламаның бірінші мақсатын іске асыру арқылы Қазақстанның барша азматтарының мемлекеттік тілді меңгеру жүйесін құру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру көзделген. Бұл жүйенің арқауы негізгі үш компоненттен тұрады. Олар: әдіснама, инфрақұрылым және басқару.
Әдіснаманы әзірлеу мемлекеттік тілді меңгерумен оны оқытудың бірыңғай стандарттарын енгізуді көздейді. Бұл орайда ұсынылып отырған тіл меңгерудің 6 деңгейлі жүйесі еуропалық тәжірибеге негізделген. Онда А1, А2 деңгейлері тілді қарапайым дәрежеде меңгеруді, В1, В2 деңгейлері өз бетінше сөйлесетіндей дәрежеде меңгеруді, ал С1, С2 деңгейлері мемлекеттік тілді әдіскерлік деңгейде, яғни еркін деңгейде меңгеруге бағытталған. Аталған стандарттарды білім берудің барлық деңгейлерінде мектепке дейінгі, мектептегі, ЖОО-ларда, одан кейінгі білім беру жүйесіне енгізудің аса маңызы бар. Яғни, мемлекеттік тілді меңгеру үрдісі әрбір Қазақстан азаматының білім алуы барысында жүзеге асырылуы керек. А1, А2 деңгейлерін балабақшада және бастауыш мектепте, В1, В2 деңгейлерін мектептің орта және жоғары сыныптарында оқыған кездерінде, С1, С2 деңгейлеріне ЖОО-ларда оқыған және ЖОО-дан кейінгі білім алу барысында қол жеткізеді.
Бұдан басқа қазақ тілінде оқытатын білім беру мекемелері желісін кеңейту және қазақ тілі оқытушылары мен мамандарын даярлау, олардың біліктілігін арттыру жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру да басты назарға алынған. Елімізде әдіснамалық және ұйымдастыру тұрғысынан мамандарды жоғары сапалы деңгейде оқытудың мүмкіндігі бар. Алайда ғылыми орталықтардың санының аз болуына байланысты, білім берудің қашықтан оқыту нысандарын кеңінен енгізу көзделген. «Бұл міндет тұтасымен қазақстандықтардың жас буынына арналған. Олар мемлекеттік тілді балабақша, мектеп, ЖОО-ларда үздіксіз оқу арқылы үйренетін болады. Осы мақсат ауқымында қазақ тілін үйрену Қазақстанның барлық балабақша жүйесінде басталып, тілдік ерекшеліктеріне қарамастан, яғни, қазақ, орыс және ұлттық мектептерде және ЖОО-ларда жалғасатын болады», деп атап өткен министрдің айтуынша, қазіргі кезде кейбір ЖОО-ларда өзінің мамандық ыңғайына қарай бірқатар пәндерді қазақ тілінде оқытуды қолға алған. Демек, бұл олардың өз тілін мамандық деңгейінде меңгеруге тамаша мүмкіндік береді.
Осы алғашқы мақсат аясында қолға алынатын тағы бір игі шараға сәйкес қазақ тілі 12 жылдық білім беру жүйесімен бір мезгілде ҰБТ-ға енгізілмек. Демек, барлық ЖОО-ларда белгілі бір пәндер, мәселен, Қазақстан тарихы тек қазақ тілінде оқылатын болады. «Жалпы білім беруді мектептен, мектептегі жүйеден бастаудың бір ерекшелігі - бала тез сіңіреді», деп атап өткен М.Құл-Мұхаммед кез-келген ата-ана баласының аталған пәнді бірыңғай мемлекеттік тестілеуде тапсыратындығын білетін болса, онда 1 жылдың ішінде шала-шарпы қазақша білетін баласын тәп-тәуір сөйлейтін, жазатын деңгейге алып шығатындығына сенім білдірді.
Екінші мақсат мемлекеттік тілді кеңінен қолдануды көпшілікке тарату. Еліміздің ересек тұрғындарына арналған бұл мақсатта қазақ тілін оқыту орталықтарын арнайы аккредитациядан өткізу жүйесін құру қарастырылған. Бүгінде елімізде жұмыс істейтін 101 орталықтан тұратын желі бұдан әрі де көбейетіні сөзсіз екендігін атап өткен министр, бұл салада мемлекеттік органдар ғана емес, сондай-ақ жеке бизнестің де күш-жігер жұмсап отырғандығын атап өтті. Алайда ол орталықтардың барлығы бірдей нарық талаптарына адал еместігіне қынжылыс білдірді. Штатында директоры мен бухгалтері бар жеке тұлғаның демпинг арқылы қазақ тілін оқыту тендерін ұтып алатын кездері аз емес. Сөйтіп ол бірер мұғалімді жалдап, оқыту үрдісін қалай болса солай өткізіп, сонысымен мемлекеттік тілді меңгеру идеясына өлшеусіз нұқсан келтіреді. «Бұл ретте мемлекеттік тілді оқыту орталықтарын міндетті түрде аккредитациялау мәселені шешудің бірден-бір жолы болады деп есептеймін. Осы бағытты жүзеге асыру арқылы орталықтардың білім беру қызметінің міндетті стандартын енгізуді ғана емес, олардың қызметін бағалаудың рейтингтік жүйесін енгізуді де қажет етеді. Тыңдаушылардың Қазтест тапсыру нәтижелері бойынша шынайы деректер рейтингтің негізі болады», - деді М.Құл-Мұхаммед.
Сондай-ақ министрдің атап өтуінше, бағдарламада сынақ, біліктілік орталықтары желісін құру да көзделген. Сынақ, біліктілік орталықтары мемлекеттік тілді білу деңгейін растайтын Қазтест сертификаттарын берумен бірге оқушыларды аттестациялау жүйесін құруға да арналған.
Бірінші мақсатқа қол жеткізудегі 3-ші міндетті бағыт мемлекеттік тілді оқыту үрдісін ынталандыру жүйесін құруды басқару болмақ. Бұл бағытта мемлекеттік қызмет саласы, сондай-ақ халыққа қызмет көрсету жүйесінде жұмыс істейтін ұйымдар қызметкерлерінің мемлекеттік тілді білу деңгейіне қойылатын ең төменгі талаптарды айқындау арқылы іске асыру көзделген. Сонымен қатар Қазтестің нәтижесінде үйренушілердің білім деңгейін бақылау және олардың материалдық жағынан көтермелеу жүйесін қарастыру да көзделген. Білім беру саласының білім берудің барлық сатыларында мемлекеттік тілді білу деңгейін бағалау мен бақылау жүйесін енгізу, сондай-ақ барлық мүдделі адамдарға тегін курстар ұйымдастыру, қашықтан оқыту жүйесін кеңінен енгізу және жеке бизнес өкілдерін әріптестікке тарту арқылы қазақ тілін оқып-үйренуге кеңінен мемлекеттік қолдау көрсетілетін болады.
Осы мақсатты жүзеге асыру үшін мемлекеттік тілді қолданудың абырой-беделін көтеру және оған деген қажеттілік пен сұранысты кеңейту жөніндегі ұсыныстарды жүзеге асыру да қарастырылған. Демек, күнделікті өмірде қазақ тілінде сөйлесу мәдениеттілік пен зиялылықтың дәрежесіне, жастардың ортасында сәнге, сондай-ақ ата-бабаның тіліне қамқорлық көрсету мен қазақ патриотизмінің шынайы көрінісіне айналуы керек. Мемлекеттік тілде сөйлейтін адамның ұтымды бейнесін қалыптастыру, мемлекеттік тілді әрбір отбасының дәстүрі ретінде көпшілікке таныту, саяси және пиар технологиялар арқылы қоғамдық санада қазақ тілін білушілердің артықшылықтарын мықтап орнықтыру тетіктерін іске асыруымыз қажет. бұл орайда кешегі кеңес заманында, қазірде ішінара қазақ тілінде сөйлеу тұйықтықтың, орыс тілін білмеудің, тіпті артта қалғандықтың белгісі ретінде қарастырылып келе жатқандығын тілге тиек еткен министр «енді біз осы келеңсіздікті жойып, керісінше, қазақ тілін білу қоғамдық саяси өмірдің саласында өзін еркін сезінудің, қыстырылмай-қымтырылмай кез-келген аудиторияда сөз сөйлеудің, қызмет тұрғысынан өсудің, кемелділіктің, керек десеңіз кәсіби артықшылықтың белгісі ретінде қалыптастыруымыз керек», деп баса айтты.
Алға қойған мақсатқа қол жеткізудің екінші бағыты мемлекеттік тілді қолданудың аясын кеңейту, оны қоғамдық өмірдің барлық саласына кіріктіру болып табылады. Аталған бағытта сандық теледидарға көшу барысында мемлекеттік тілде хабар тарататын кейбір теле және радио арналарды ашу арқылы тілдік ортаны қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін күшейтуге мән берілген. Балалар мен жастарға арналған қазақ тілді контентті кеңейту, мемлекеттік тілді оқыту үрдісін ұйымдастыруда медиалық саланың әлеуетін белсенді пайдалану қажет. Мемлекеттік тілді үйрететін элементтері бар білім беретін циклді фильмдер, хабарлар, реалити-шоулар мүмкіндігінше көп болғаны оңды. Сондай-ақ онлайн нұсқасын орналастыру, хостинг арқылы қазақ тілді БАҚ-тарға жүйелі түрде қолдау көрсету және қазақ тіліндегі интернет-ресурстарды мемлекеттік қолдау жүйесін құрудың да аса зор маңызы бар. Қоғамдағы тіл мәдениетінің қалыптасуына тікелей ықпал ететін адамдар ретінде БАҚ қызметкерлеріне қойылатын міндетті тілдік біліктілік талаптарды енгізуге де ерекше мән беру керек. Осы бағытта мемлекеттік тілді ғылым, заң және жаңа технологиялар тілі ретінде дамыту жөніндегі шаралар, сондай-ақ қазақ тілін халықаралық қатынас, демалу мен ойын-сауық саласында кеңінен қолдануды қарастырған дұрыс.
Ал дамыған тіл мәдениеті - зиялы ұлттың күш-қуаты атты үшінші мақсат ең алдымен терминология мен онамастика саласындағы жұмысты жақсарту арқылы қазақ тілінің лексикалық қорын одан әрі жетілдіру мен жүйеге келтіру жөніндегі шаралар жүйесін іске асыруды көздейді. Бұл орайда Мәдениет министрі атаулар беру үрдісінің ашықтығын қамтамасыз етуіміз қажет деген ұстанымға баса назар аударды. Аталған бағытта мемлекеттік терминологиялық комиссияның құрамын жаңарту, оның мәртебесін көтеру, терминологиялық сөздікті Үкімет қаулысымен бекіту, жер-су атауларын өзгертумен айналысатын ономастикалық комиссияның жұмысын реттеу және оның ашықтығын қамтамасыз ету жүзеге асырылатын болады.
Тіл үнемі дамып отыратын құбылыс екендігі дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Мәселен, орыс ақыны А.Пушкин өз шығармаларында 26 мың сөзді пайдаланған. Ал 18 ғасырда жарық көрген «Словарь Академии Российской» сөздігінде небәрі 40 мың сөз болған. 1949 жылы жарық көрген С.Ожеговтың «Словарь русского языка» сөздігінде бар болғаны 50 мың сөз болса, оның 1994 жылғы басылымында ол 75 мыңға көбейген. Сондай-ақ 1948-1965 жылдары шыққан 17 томдық «Словарь современного русского литературного языка» атты басылымда 120 мың орыс сөзі тіркелген. Осы сөздіктің соңғы басылымындағы орыс тіліндегі сөздер 180 мыңға дейін жеткен. Демек орыстар термин сөздерді өзге тілдерден батыл енгізудің арқасында өсіп-өркендеп, бүгінгі дәрежеге жетіп отыр. Олай болса әлем тілдерінде еркін қолданылатын паспорт, музей, архив сынды сөздерді орынды-орынсыз қазақшалаудың орнына, ағылшын тілдерінде, халықаралық тілдерде қолданылатын термин сөздерді батыл енгізіп, тілдік қорымызды жетілдіру, яғни қазақ тілінің терминдік қорын қалыптастыруда осы бағытты ұстануымыз қажет.
Жобаны егжей-тегжейлі таныстыра келе министр тіл білімі мамандары үшін сүйінші хабарды да назардан тыс қалдырмай атап өтті. Қазіргі уақытта Тіл білімі институтының осы бағдарлама аясында 15 томдық қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің 12-13-ші томдарын әзірлеп жатқандығын айтқан ол «бірінші рет қазақ халқының тарихында 150 мың қазақ сөзі қамтылған 15 томдық қазақ тілінің түсіндірме сөздігі жарық көреді. Бұл бәріміздің ана тіліміз, барша қазақстандықтардың мемлекеттік тілінің әлемдегі ең бай тілдердің бірі екендігін соқырға таяқ ұстатқандай, тайға таңба басқандай дәлелдейтін болады», деді.
Сонымен қатар 2011 жылы қазақ тілінің орфографиялық сөздігі мемлекеттік терминология комиссиясының мақұлдауымен, ең бастысы Үкімет қаулысымен басылып шығарылады. Осы уақытқа дейін орта мектепті бітірген балалардың шығармаларын бағалауда келеңсіздіктерге ұшырап отырғанымызды айтқан министрдің сөзіне қарағанда, әлі күнге дейін Ресей не болмаса Россия деп жазу нақты анықталмаған. Міне осындай сөздердің кесірінен кейде балалардың орта мектепті бітірген шығармасын бағалай алмай қалған деректер де кездесуде. Бұған дейін жарық көрген орфографиялық сөздіктерді әркім әртүрлі шығарып, оны біреулер мойындаса, келесілер мойындамай әуре-сарсаңға ұшырап келеміз. «Егер ол Үкімет қаулысымен қабылданатын болса, онда барлық орта мектептер, ЖОО-лар үшін нормативтік құжат дәрежесінде болады», деді министр. Сондай-ақ келесі жылы осы бағдарлама аясында 30 томдық қазақ тілінің салалық терминологиялық сөздігі жарық көріп, Үкімет қаулысымен бекітілетін болады.
Үшінші мақсатта атқарылатын жұмыстардың бір парасы тілдерді қолдану саласындағы заңнаманың сақталуына байланысты заңнаманы күшейту болып табылады. Осы мақсатқа қол жеткізудің тағы бір мақсаты сөйлеу мәдениетін дамыту, қазақ тілінде жазуды жетілдіру мен толеранттық тілдік орта құру арқылы тіл мәдениетін жетілдіру қарастырылады.
Ал Қазақстан халқының лингвистикалық капиталын дамыту атты соңғы мақсатты іске асыру орыс және шет ел тілдерін оқып, үйренуге арналған. Сондай-ақ шетел тілдерін әсіресе ағылшын тілін үйренуге де баса назар аударылады. Қазақстанда тұратын этностар тілдерін оқып-үйрену және оны сақтау үшін қолайлы жағдай жасау да көзделген.
Жалпы онжылдық бағдарламаны іске асыру 3 кезеңге есептелінген.
Бірінші кезеңде 2011-2013 жылдары қажетті нормативтік-құқықтық базаны, оның ішінде «Мемлекеттік тіл туралы» Заңның жобасын әзірлеу және мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі бойынша міндетті талаптар қойылатын мамандықтардың тізбесін енгізу және бағдарламаны жүзеге асыруды қолға алу болжанып отыр.
Екінші кезең бағдарламаның барлық бағыттары бойынша алға қойылған міндеттерді іс жүзінде іске асыруды - ұйымдастырушылық және әдіснамалық жұмыс кешенін жолға қоюды көздейді.
Ал үшінші кезеңде іс-шаралар тиімділігінің жүйелі мониторингі мен бағдарлама индикаторларын бақылау арқылы қол жеткен нәтижелерді мемлекет өмірінің барлық саласына берік орнықтыру жүзеге асырылады.
Алға қойылған міндеттерді іске асыру 2020 жылға қарай мынадай нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік бермек: мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың үлесі қазіргі 60 пайыздан 95 пайызға дейін өседі; орыс тілін меңгерген қазақстандықтардың үлесі 90 пайызды құрайды; ағылшын тілін меңгерген қазақстандықтардың үлесі шамамен 20 пайыз болады.
Үкімет үйінде өткен алқалы жиында Мәдениет министрі таныстырған, қазақ тілінің «көсегесін көгертеді» деген мол сенімді арқалап отырған құжаттағы көтерілген мәселелер осылар. Ел болашағына, ұлт руханиятының өсіп-өркендеуіне үлес болып қосылатын бағдарлама жобасы жасалды деп айтуға да толық негіз бар сияқты. Алайда алда бір ай мерзім ішінде осы бағдарламаны халық арасында, баспасөзде, зиялы қауым арасында, түрлі оқу орындарында жан-жақты талқылау міндеті тұр. Жиынды қорытындылаған Үкімет басшысы «келіп түскен ұсыныстарды ескеріп, толықтырып, бағдарламаны қыркүйектен қалдырмай бекіткен жөн», деп өз шешімін айтқан болатын. Кезек қазақ тіліне бей-жай қарамайтын жұртшылыққа тиіп отыр.