Болашақтың іргесін Елбасымен бірге қаласатын боламыз - М.Адаялиев, БҚО
Онда Елбасымыз көп ұлтты Қазақстан халқын ынтымақ пен бірлікке шақырып, еліміздің 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарын белгіледі. Бұл туралы «Нұр Отан» ХДП Қазталов ауданы Қошанкөл ауылындағы бастауыш ұйымының төрағасы Мирбол Адаялиев мәлім етті.
Еліміздің барлық өңірлерінде дарынды балаларға арналған интеллектуальдық мектептердің салынуы, «Балапан» бағдарламасына сәйкес мектеп жасына толмаған бүлдіршіндердің толық балабақшамен қамтылуы қарапайым халықтың көңілін қуантары сөзсіз. Сонымен қатар Елбасы дүниежүзілік стандарттарға сәйкес 12 жылдық білім берудің моделіне көшу үшін жүргізіліп жатқан жұмыстарды күшейту керектігіне тоқталды. Барлық бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы осы жылдың жартысынан бастап тағы 30 пайызға көтерілетіні - жағымды жаңалық. Денсаулық сақтау ісінде де оң өзгерістер болып, ауылдық жерлерге жаңа емханалар салынып, керекті құрал-жабдықтармен 100 пайыз қамтылмақ.
Елбасы осы Жолдауында жұмыссыздықты жоюдың түрлі жолдарын, басты бағыттарын көрсетті. Бұрынғыдай «менің жұмысым жоқ» деп үкіметке қарап отыра бермей, масылдықты қойып іске кірісер кез келгенін басып айтты. Бұл үшін үкіметке арнайы тапсырмалар берді. Атап айтсақ, «өз шаруасымен» жүргендерді (жеке кәсіпкерлер, шағын фермерлер, «мерзімді жұмысшылар» т.б) жаңадан ашылып жатқан кәсіпорындарға жұмысқа тарту, оларды қайта оқытып, даярлауға мемлекеттен 16 млрд теңге қаржы жұмсалатын болады. Елбасы өз сөзінде «Мен: мықты бизнес - мықты мемлекет деген ұстанымды қолдайтын адаммын», деді. Яғни алдағы уақытта елімізде «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. «Ең бастысы, Президент өзінің әрдайым халықпен бірге екендігін атап айтты. Осындай жүрекжарды пікірін естіген қарапайым халық алдағы уақытта да Елбасын қолдайтынына дау жоқ. «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деген халық даналығын есте ұстап, еліміз болашағының іргесін қалау жолында аянбай еңбек етейік дегім келеді менің де», - деді М.Адаялиев.