Болат Бопайұлы: Наурыз - салт пен дәстүрді насихаттайтын ұлы мереке

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Этнограф-ғалым, фольклоршы, қазақ дүниетанымына байланысты көптеген кітаптың авторы Болат Бопайұлы ҚазАқпарат тілшісіне қазақтың төл жаңа жылы, салт-дәстүрі, ырым-тыйымдары туралы айтып берді.

– Болат аға, барша түркі тілдес халықтарға ортақ мереке Наурыз туралы айтып беріңізші?

– Наурыз – түркі халықтарының бәріне бірдей ортақ «Көктем мерекесі» болып саналады. Наурыз мейрамының діни сенімге келтіретін еш зяны жоқ. Ұлт дәстүріне қатысты мереке. Ескі замандарда өмір сүрген түрік тұқымдас халықтардың табиғат және жаратылыс тануына, өз өмірлеріндегі тұрмыс - салт, әдет - ғұрыптарына байланысты ислам дініне кіруден бұрын барлыққа келген «Салт пен дәстүрді» насихаттайтын ұлы мерекесі.

Қазақтар бұл мерекені «Ұлыс күн», «Ұлыс мерекесі», «Ұлыстың ұлы күні» деп атайды. Көне түркі тайпалары мен иран (парсы) халықтары «Наурыз мерекесі» дейді. Наурыз айы шығыстық күнтізбеде жыл басы, жаңа жылдың кіруі болып есептеледі.

Наурыз сөзінің шығу этимологиясы мен ұғымының қалыптасуы парсы тілімен тікелей байланысты. Наурыз - сөзі парсы тілінен аударғанда «now» — жаңа, « ruz» — күн, «жаңа күн» деген ұғымды береді. Бағы заманан қазірге дейін бұл мейрамды түркі тектес елдер мен парсы халқы тойлайды.

Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Қазақстан жалпы Орта Азия елдері, Әзірбайжан, Иран және Түркияның күрдтер мекен ететін аймақтарында тойланады. Ресейдің территориясында өмір сүретін түркі тектес елдер де төл мейрамын жыл сайын атап өтеді .

Наурыз мейрамы әлемнің түкпір-түкпірінде өмір сүретін түркінің ұрпақтары санайтын ұлттар мен ұлыстардың бәрі, өз дәстүрі мен салтына қарай, наурыз тойын тойлайды. Мысалы, Қытай, Моңғолия, Үндістан, Ирак сынды елдерде өмір сүретін түрік тілдес халықтар ұлыстың ұлы күнін міндетті түрде тойлап, үлкен мереке ретінде атап өтеді.

Наурыз мейрамның шығу тарихы тым ұзақ, алыс ғасырлардан бастау алады. Тарихи дерек көздеріне жүгінсек, наурыз мейрамы туралы дерек зороастризм дінінің қасиетті кітабы «Авестада» жазылған екен. Парсы империясын Ахеменидтер билеген дәуірінде Наурыз мейрамы бүкіл империя көлемінде тойлана бастапты. Көне түркі аңыздарында, бұл мейрам жаңа жыл ретінде тойланатын болған. Бұдан бөлек Албания, Грузия, Ауғаныстан және Македония сынды елдерде де үлкен қоғамның бастауымен наурыз тойы аталып өтеді.

Қазақ халқы - наурыз мейрамын сонау Сақ, Ғұн, Алан, Көк түрік, Үйсін дәуірлерінен бастап, ұлтық мереке, жаңа жылдың кіруі ретінде тойлап келеді.

– Қазір Наурыз мерекесі қаншалықты насихатталып жүр?

– Қазақстанда наурыз мерекесі тәуелсіздік алғалы өз мәресінде тойланып келеді. Десе де олқы тұстпры бар. Бұл мерекеге ат үсті қарауға болмайды. Бір ұлтқа тән мереке - мейрам сол ұлттың тарихын, тұтас салт - санасын, әдет ғұрпын, тарихи дүниетанымын, өнері мен өміріне қатысты мәдениетін ашып көрсететін керемет орай. Басқа ұлт пен ұлыстардың қарым - қатынасын жақсартатын мереке. Ұмыт болған дәстүрін қайта жаңғыртатын мереке. Сондықтан наурыз мерекесін қазақстан халқы ең зор мемлекеттік мереке ретінде, заң жүзінде бекіті, жыл сайын атап өтіп келеді. Бұл қуантатын жағдай.

– Сіздің «Қазақтың аспан есебі» деген кітабыңызда халқымыздың жұлдызға қарап жорамал жасағаны туралы айтылады. Қазақ жұлдызшыларының есебінде ғылыми негіз бар ма?

– Қазақ халқы - ғижра есебін үстанады. Мұсылмандар ай есебімен жүреді. Біздің халқымыз күн есебін дұрыс деп санаған. Асқар тауды тұрақ ете жүріп, долы өзенді қуа жүріп, арқыратып ат мініп, ен дала төсінде малын баға жүріп бұлттың көшуіне, жұлдыздардың жымыңдауына, аңдардың ағылуына қарап ауа райын болжай білген дана халқымыз. Қазақ күнтізбесінде 24 амал, он үш тоғыз, табиғаттағы үлкен 7 белгісі, 13 мүшел жыл, бір ғасыр деген ұғымдар бар. Әлем халықтарында григорян және ғижра есебі бар. Бір күн есебі. Оны қазақтар – «Шамсия есебі» деп атайды. Енді бірі аспан айы есебі. Оны – «Қамария есебі» дейді. Бұдан сырт жұлдыздық есеп те бар. Қазақтың қамария есебі бойынша, наурыздың 22 күні күн мен түн теңеледі. Бұл жыл басы, яғни жаңа жыл осы күні кіреді. Бұл күнді қазақ – «Ұлыс күн» деп атайды. Он күн бойы тойлайды.

– Наурыз көже қалай дайындалған және онда жасалатын ырымдар қандай?

– Наурызда – «Тілеу көже», «Наурыз көже» жасайды. Наурыз көжеге қызыл ырыстан, қыстан сақтанған ірі қара малдың - кәрі жілігін салады. Бұл – «Наурыз жілік» деп аталады. Дақыл ырыстан - бидай, тары, күріш, жүгері, тұз, ұн, бұршақ сынды жеті дән қосады. Көк ырыстан мейз қосады. Ақ ырыстан қатық, айран қосады. Бұл жеті қат көк астында, жеті қат жер бетінде, жеті жұртпен, жеті ағайынмен, жеті атамызмен, жетелі болып, жылдар бойы аман жүрейік деген ізгі тілектің ғұрыптық ырымы. Ал төрт ырыс қосуы төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Төрт құбыламыз аман болсын деген жақсы тілекті дәстүрлі ырымы. Байырғы қазақтар көктемнің осы айын Уыз айы деп неге атаған. Өйткені осы айда төрт түлік мал төлдейді ғой, халықтың аузы аққа тиеді, малдың аузы көкке тиеді «Уыз – сүт сұлтаны, ақ ұлтаны», «уызға жарымаған өмірі ештеңеге жарымайды» деген мақал осындайдан қалған.

Ұлыс күні ұлы адамнан, қариялардан бата алу дәстүрі бар:

Ұлыс - ұлы күн, оң болсын,

Ақ ырызық мол болсын,

Қыдыр дарып халқыма,

Жарқыраған жол болсын!

Жеті дәннен жасалған,

«Тілеу көже» - дәміміз,

«Әз наурыз» - сәніміз.

Ұлыс күні амандасып,

Бас бас қосу, -

Ежелден келген салтымыз.

Бабадан қалған ақ жолды,

Жоғалтпаған халқымыз.

Аман болайық бәріміз,

Жасымыз да кәріміз.

Абороймыз асқақтап,

Арта да берсін сәніміз.

Ұлыс береке берсін,

Бәле-жала жерге енсін!

Жерге енген пәлекет,

Қайта айналып келмесін.

Ұлыс күні қазан толcа,

Ол жылы ақ мол болар.

Ұлы кісіден бата алса,

Сонда әрқашан жол болар.

Халқымның пейлі тоқ болсын,

Уайым- қайғысы жоқ болсын.

Ел ішінде дау болмасын,

Ел іргесінде жау болмасын.

Дәулет шалқып ас берсін,

Бақытқа толы бас берсін,

Асқа толсын табағың,

Ашық болсын қабағың!

Ел мен жер, аман болсын,

Баяшат ,тыныш заман болсын.

Ескі жылдан есіркесін,

Жаңа жылдан жарылқасын!

Қыздарымыз абыройлы болсын,

Ұлдарымыз айбарлы болсын.

Ақ басты аталар,

Ақ шылаушты аналар,

Зиялы қауым, даналар,

Аман болсын, әр қашан

Бал бақытты балалар,

Жарылқа бізді құдайым,

Басқа салма, уайым.

А, құдайым оңдай бер,

Көк туымызды көтеріп,

Тәуелсіздігімізді қолдай бер.

Ақ пейілді халқымды,

Берекелі етіп , қорғай гөр.

Құтты мекен жеріме,

Көз алартқан дұшпанның,

Жон терісін жондай гөр.

Ел бастаған ерлерді,

Көреген көзді көсемді,

Дуалы ауыз шешенді,

Күллі әлем алдында ,

Мәртебесін көтеріп ,

Зеңгір жаһұт аспанда,

Қыран құстай бйікке,

Тік көтеріп самғай бер.

Асыл салтын сақтаған,

Ана сүтін ақтаған,

Атадан қалған мұрасын,

Ұрпағына жалғаған,

«Қазақ» деген халқыма,

Бақыт берсең, үйіп бер,

Бар жақсылықты жыйып бер,

Таудай - таудай салмақты,

Талмай тұрып көтерер,

Батпандай ғып ыиық бер!!

Ұлыс күні бір Алла,

Құт- қазына, байлықты,

Беркелі еліме,

Құт дарыған жеріме

Ақ жауындай құйып бер!!

Бұдан бөлек, наурыз айтыс, наурыз жұмбақ, наурыз той - думан, наурыз бата, наурыз көже, наурыз шашу, наурыз тілек, наурыз тағызым, наурыз сыйлық, бұлақ көзін ашу, ағаш егу, жаңбырға бас тосу, бастаңғы жасау, босағаны ақпен аптау сынды толып жатқан салт пен дәстүр бар.

Қыдыр ата, ақпан, тақпан, наурыз шешек сынды ойын түрлері бар.

– Аға, өзіңіз қазақтың ырым-тыйымдарын зерттеп жүрсіз. Қазіргі таңда осы ырымдар біздің өмірімізге қаншалықты қажет?

– Қазақ - ырымы, қазақ - ғылымы. Наным- сенімнің түп қазығы - қазақ ырымдары деуге болады. Қазақта жаман ырым жоқ. Бәрі жамандықтан тиятын, жақсылыққа жетелейтін ырымдар. Сондықтан да ата - бабалардан қалған тәрбиелік мәнге толы ырымдар ғасыр- ғасыр сарабынан өтіп, ұрпақтан - ұрпаққа жетіп отырды. Жарамсыздарын уақыт елегінен өткізіп сырып тастады да, жарамдылары халқымызбен бірге өмір сүріп келеді.

– Естуімізше наурыз айында ұшып келетін құс бар екен, сол құс расында бар ма?

– Наурыз айында көк мойын дұзақ деген құс ұшып келеді. Ол құс ерте келсе, көктем ерте шығады. Кешігіп келсе, көктем де кешігеді.

– Әңгімеңізге рахмет.


Соңғы жаңалықтар