Болат Керімбек ғарышкерлерді дайындайтын арнайы бағдарлама әзірлеуді ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM — «Байқоңыр» ғарыш айлағының объектілерінде Қазақстан меншігіндегі көлік құралдарына техникалық паспорт беру, тіркеу жұмыстарын реттеу қажет.

Бұл туралы Премьер-министрге сауал жолдаған Мәжіліс депутаты Болат Керімбек айтты.
— Биыл Байқоңыр ғарыш айлағының құрылғанына 70 жыл толды. «Байқоңыр жердің кіндігі» — деп бекер айтылмаса керек. Осы күнге дейін ғарышқа ұшқан адам баласының тең жартысы қасиетті қазақ жерінен көкке көтерілді. Осы жылдың 8 сәуір күні бірқатар депутат «Байқоңыр» ғарыш айлағына барып, Қазақстан мен Ресей Үкіметтері арасындағы «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісім жөніндегі заң жобасы бойынша жұмыс тобының отырысын өткіздік. «Бәйтерек» кешенін жаңғырту жұмысы барысымен таныстық. Бұл жоба Қазақстанның ұлттық мүддесі үшін стратегиялық маңызға ие. Өйткені Байқоңыр ғарыш айлағынан коммерциялық мақсатта зымырандар ұшыру еліміздің әлемдік зымырандар тасу нарығына кіруіне үлкен мүмкіндік береді, — деді депутат.
Оның дерегінше алғашқы коммерциялық мақсаттағы зымыран тасығыштарын ұшыру 2025 жылдың желтоқсанында жоспарланған. Бәрі сәтті іске асса, 2028 жылдан бастап жылына 3 рет зымыран ұшыру көзделіп отыр.
— Қазіргі цифрланған кезеңде спутникке деген сұраныс өте жоғары. Мәселен, 1 спутникті ғарышқа шығару 50-60 млн доллар тұрады, яғни 25-30 млрд теңге. Ал оны ғарышқа тасымалдаумен санаулы елдер ғана айналысады. Осы ретте, еліміздегі «Бәйтерек» кешенінің мүмкіндігі зор. Әсіресе, ол отандық ғылымның дамуы мен бюджет қазынасын толтыруға ерекше ықпал етеді, — деді ол.
Осы орайда депутат «Байқоңыр» ғарыш айлағын тиімді пайдалану және дамыту үшін Қазақстан Республикасының Үкіметіне бірнеше мәселені шешуді ұсынды.
— Бірінші, бүгінде «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешені объектілерінде 150 адам жұмыс жасайды. Ондағы қызметкерлердің жалақысы өте төмен, бұл білікті мамандардың кетуіне әкеледі және кадрлар тапшылығын туындатады. Сонымен қатар, 2025 жылдың желтоқсанынан кейін «Союз-5» зымыран тасығышын дайындау және ұшыру бойынша қосымша 155 инженер маман қажет. Ондаған жыл мен млрд-таған қаражат жұмсалған бұл жобаның одан әрі іске асуы үшін бюджеттік бағдарлама аясында 590 млн теңге қосымша қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз, — деді Болат Керімбек.
Ол екіншіден, Ішкі істер министрлігі мүдделі органдармен бірлесіп, «Байқоңыр» ғарыш айлағының объектілеріндегі Қазақстан Республикасының меншігіндегі көлік құралдарына техникалық паспорт беру, тіркеу жұмыстарын реттеу қажеттігін айтады.
— Үшіншіден, 2025 жылдың өзінде жұлдызды қалашыққа 20 мыңға жуық турист келеді деп болжанып отыр. Жақын және алыс шетелден келген туристердің легі көп. Бұл бізді қуантады. Сонымен қатар биыл Қызылорда қаласында жаңа әуежай іске қосылды. Астана мен Алматыдан күніне 2-3 рейс қатынап тұр. Батыс Еуропа — Батыс Қытай жолы Байқоңырға көлікпен келушілерге де мол мүмкіндік туғызуда. Осы ретте біз киелі Түркістанға, көне Тараз бен Отырарға, көрші Өзбекстанның Самарқанд, Бұқара және Ташкент қалаларына келетін туристерге Байқоңырды жеке туристік өнім ретінде ұсынуымыз тиіс. Үкімет осы ұсынысты назарға алып, «Байқоңыр» кешенінде туризмді дамыту жөніндегі іс-шараларды іске асыруды жалғастыруы қажет, — деді ол.
Депутат төртіншіден, кадрларды даярлау мәселесін толығымен қайта қарау қажеттігіне тоқталды. Оның атап өтуінше, аэроғарыш саласында кез келген жобаның орындалуы 90 пайызы ғылыми және техникалық кадрлармен қамтамасыз етілуіне байланысты. Жобаларды іске асырудың ұзақ мерзімдері, қымбаттауы, қаржыландырудың жеткіліксіздігі және кейбір жобаны іске асыруды тоқтата тұру кадрлардың басқа салаға ауысуына, шет елдерге жаппай кетуіне әкеліп жатыр. Осыған байланысты, аэроғарыш саласын кадрлармен қамтамасыз ету, мектеп жасынан бастап даярлау мен іріктеудің жеке және дәйекті жүйесі арқылы мамандардың сабақтастығын қалыптастыру бүгінгі күннің талабы.
— Ғарыш саласында кадрларды дайындау ұзақ мерзімді талап етеді. Осыған орай, арнайы кадрлық резервті қалыптастыру, оның ішінде дарынды жастарға жоғары оқу орындарында гранттар бөлу, студенттер үшін практикалық алаң беру, арнайы стипендиялар тағайындау, әлеуметтік қолдау шаралары арқылы болашақ ғарышкер-ғалымдарды тәрбиелеуді қолға алған жөн. Үшінші космонавт Айдын Айымбетовтің ғарышқа ұшқанына 10 жыл өтті. Байқоңыр ғарыш айлағы бар еліміз одан бері бірде-бір космонавты ғарышқа ұшырмады. Келесі космонавтымыз кім болмақ? Ал алдағы 5-6 жылда төртінші қазақ ғарышқа сапар шегуі мүмкін бе?! Осыған байланысты, қазірден біз өзіміздің ғарышкерлерді дайындайтын арнайы бағдарлама әзірлеуді ұсынамыз, — деді Болат Керімбек.
Бұған дейін Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев Байқоңырдағы әрбір зымыран ұшырылымына 2 мыңнан астам турист келетінін айтқан болатын.