Болат Мажағұлов сот үкімімен келіспей, өзін ақтауды сұрады
АСТАНА. KAZINFORM – 8 жыл 6 айға сотталған Астана қаласы Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұлов сот үкімімен келіспей, өзін ақтауды сұрады. Бұл туралы елорда сотының баспасөз қызметі хабарлайды.

- Сотталғандардың адвокаттары сот үкімімен келіспей апелляциялық шағым түсірді. Шағымда Б.Мажағұловты ақтауды, құрылыс компаниясының басшысы Мәди Қанафинге қатысты бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады. Апелляциялық сатымен сот үкімі өзгеріссіз қалдырылды, - делінген сот таратқан хабарламада.
Ақпаратта айтылғандай, сотталғандардың кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, тауартану зерттеуінің қорытындыларымен, маманмен, сарапшымен, аудитор, сондай-ақ жасырын тергеу әрекеттерінің материалдарымен расталды.
Сот актісі заңды күшіне енді.
Айта кетейік, Астана қаласының Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұловқа сот үкімі биыл қаңтарда шықты, осылайша экс-шенеунік 8,5 жылға сотталды.
Еске салайық, Болат Мажағұлов 2024 жылы қыркүйекте ұсталды.
Қаржылық мониторинг агенттігі Астана қаласының Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы мен мердігер ұйым өкілдеріне қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын (1 млрд теңге) жымқыру күдігіне іліккенін хабарлады.
Ұрланған қаражаттың көлемі 1 млрд теңгеден асып отыр. Күдікті, Астана қаласының Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу аясында оның мүлкіне тыйым салынды.
Оның ішінде 3 коммерциялық нысан, 2 автотұрақ орны және Астана қаласындағы премиум санаттағы пәтер бар. Аталған іс бойынша күдіктілерге тиесілі 572 миллион теңгенің мүлкіне шектеу қойылды.