Болат Назарбаевқа тиесілі болған базар мемлекетке қайтарылды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысы Қарасай ауданында орналасқан ірі базар мемлекет меншігіне өтті.
Kazinform агенттігінің сауалына жауап берген Қарасай ауданы әкімінің аппараты «Барыс» автобазарының 36,7316 гектар болатын жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылғанын хабарлады.
— Қарасай аудандық сотының 2023 жылғы 17 сәуірдегі № 00.23.1952-2/249 шешіміне, сондай-ақ Қарасай аудандық сотының 2023 жылғы 1 сәуірдегі № 00.26.1993-2/781 шешіміне сәйкес, Қарасай ауданында орналасқан «Барыс» автобазары мемлекет меншігіне өтті. Аталған сот шешімдеріне сәйкес, жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылып, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тиісті жер қорына енгізілді, — делінген аудан әкімдігі жауабында.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысының жер қатынастары басқармасы бүгінгі базардың жер учаскелері 2004-2018 жылдар аралығында Болат Назарбаевқа автобазар ашу үшін жер заңнамасының талаптарын бұза отырып берілгенін мәлімдеген. Атап айтқанда, конкурс өткізілмеген және жер телімдері ауыл шаруашылығы мақсатындағы санаттан заңсыз ауыстырылған.
Осы деректер негізінде Қарасай ауданының прокуратурасы 2023 жылғы 10 қаңтарда жерді мемлекет меншігіне қайтару туралы талап арыз түсірді. Қарасай аудандық сотының 2023 жылғы 17 сәуірдегі шешімімен 11,5 гектар жер ауданның жер қорына қайтарылды. Кейін прокуратура «Auto market Karasay» ЖШС-не тиесілі қалған 25,5 гектардан астам аумақты қайтару туралы жаңа талап арыз берді.
2026 жылдың мамырында Kazinform агенттігінің тілшісі «Барыс» автобазарының жай-күйі қандай екенін және онда не болып жатқанын анықтап қайтты.
Сондай-ақ Алматы облысының экс-әкімі Марат Сұлтанғазиев «Барыс» базары облыс қарамағына толық қайтарылған жағдайда мұнда өнеркәсіптік индустриялық аймақ құру жоспарланып отырғанын айтқан болатын.
Бүгін Алматы облысының прокуратурасы Ұйғыр ауданында 2008 жылы жеке меншікке берілген 29,1 гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарғаны белгілі болды.