16:59, 03 Сәуір 2023 | GMT +5
Болат Өтемұратов қоры Түркияда зілзаладан зардап шеккендерге 5 млн доллар бөлді
АСТАНА. ҚазАқпарат – Түркия Республикасының Астанадағы елшілігі Болат Өтемұратов қорына Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек көрсеткені үшін алғыс білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Б. Өтемұратов қоры Түркияның Төтенше жағдайлар басқармасына (AFAD) 5 миллион доллар көлемінде қаражат бөлген.
«Біз бауырлас халықтарымыздың ынтымақтастығы мен өзара көмек көрсетудің үздік дәстүрлеріндегі осы маңызды және уақытылы қолдауды жоғары бағалаймыз», - деп атап өтті елші Мұстафа Капуджу.
Бұған дейін Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына алғыс хат жолдаған еді.
«Қазақстанның берген жәрдемі зілзаланың ауыр салдарымен күрес кезінде халқымызға зор қолдау болды», - деді Түркия президенті.