Болат Жұмабеков Ұлытау облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды
ҰЛЫТАУ. KAZINFORM - Өңір басшылығында кадрлық өзгерістер болды. Облыс әкімінің жаңа орынбасары қызметіне ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және мемлекеттік қызмет салаларында тәжірибесі бар басқарушы тағайындалды.
Болат Жұмабеков 1972 жылы туған. Ақмола ауыл шаруашылығы институтын және Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін тәмамдаған. Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистрі дәрежесіне ие.
Еңбек жолын 1997 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданы әкімінің аппаратында бас маман қызметінен бастаған.
1999–2005 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық Жер ресурстарын басқару комитеті филиалында түрлі лауазымдар атқарды. 2005–2009 жылдары Тимирязев ауданының Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімін басқарды. Кейін аудан әкімі болып тағайындалды.
2009–2012 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің аппарат жетекшісі, одан кейін өңір әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды.
2012–2022 жылдар аралығында Солтүстік Қазақстан облысында басшылық қызметтерде жұмыс істеді. Петропавл қаласының, сондай-ақ Қызылжар ауданы мен Ғабит Мүсірепов атындағы аудан әкімі болды.
2022–2024 жылдары коммерциялық секторда еңбек етті. 2024 жылдан бастап қазіргі тағайындауға дейін Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты «ҚазАгроЭксперт» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарды.
Жаңа қызметінде Болат Жұмабеков ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу мәселелеріне, сондай-ақ Ұлытау облысының ветеринария басқармасының жұмысына жетекшілік етеді.
Алмаз Ыдырысов Ұлытау облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалғанын жазған болатынбыз.