«Болаттан 10 есе мықты»: Қытай әлемдегі ең берік көміртекті талшықты жасады
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайда сәрсенбі күні T1200 санатына жататын отандық суперберік көміртекті талшық SYT80 таныстырылды. Бұл елдің осындай көміртекті талшықтарды өндіру технологиясындағы үлкен ілгерілеуін білдіреді, деп хабарлайды Синьхуа.
Өндіруші компания China National Building Material Group Co., Ltd. (CNBM) мәліметінше, жаңа материалдың жылдық өндірістік қуаты қазір жүздеген тонна деңгейіне жетіп, Қытайды осындай санаттағы талшықты жаппай шығара алатын алғашқы елге айналдырды.
CNBM басқарма төрағасы Чжоу Юйсяньнің айтуынша, бұл ірі жетістік Қытайдың жоғары тиімді көміртекті талшықтарды өндірудің толық өндірістік тізбегін — технологиядан бастап жабдыққа, зертханалық сынақтан жаппай өндірісіне дейін — тәуелсіз меңгергенін көрсетеді.
Компания хабарлағандай, SYT80 көміртекті талшық әлемдік қауымға Париждегі JEC World композиттік материалдар көрмесінде де таныстырылды.
Жаңа көміртекті талшықтың диаметрі адам шашының диаметрінен 10 есе жұқа, бірақ созылуға беріктігі кәдімгі болаттан 10 есе жоғары, ал тығыздығы болаттың тығыздығының төрттен бірін ғана құрайды. Материал жоғары жылдамдықтағы теміржол, коммерциялық ғарыш технологиялары, жаңа энергия көздері, адам тәрізді роботтар, медициналық жабдықтар және спорт саласында кеңінен қолданыла алады.
Осыдан бұрын Қытай 2026 жылы жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,5–5% болады деп болжайтынын жазғанбыз.