Болгария азаматы қазақстандық алаяқтарға 102 миллион теңгеден астам ақша аударған

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Ақмола облысында жұмыс істеп жүрген Болгария азаматы ірі интернет-алаяқтықтың құрбанына айналды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің тілшісі Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Болгария азаматы қазақстандық алаяқтарға 102 миллион теңгеден астам ақша аударған
Фото: ҰҚК

Ведомство мәліметінше, биылғы мамыр-маусым айларында белгісіз біреулер өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырып, шетелдік азаматты алдап соққан. Оларға сеніп қалған жәбірленуші үшінші тұлғалардың шоттарына 102 миллион теңгеден астам қаражат аударған.

— Жәбірленушінің полицияға шағымдануына байланысты CyberPol бөлімшесінің қызметкерлері қылмыстық іс қозғап, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Заманауи цифрлық технологияларды пайдалана отырып, киберполицейлер алаяқтық топтың ұйымдастырушылары мен дропперлерінің ізіне түсті, — деп хабарлады департамент.

Нәтижесінде Павлодар облысының екі тұрғыны және алаяқтық схемасына қатысы бар тағы төрт адам анықталып, олардың нақты рөлі мен қылмысқа қатысы тергеліп жатыр.

Тергеу барысында бұл тұлғалардың Көкшетау қаласы мен Қорғалжын ауданында орын алған тағы екі алаяқтық дерегіне қатысы болуы мүмкін екені белгілі болды.

— Қазіргі таңда бұл ақпарат тексерілуде. Сонымен қатар, жедел уәкілдер қылмыстық топтың басқа да құрбандарын анықтап жатыр. Тергеу уақытында күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тінту кезінде дәлел ретінде мобильді телефондар мен қаражаттың бір бөлігі тәркіленді, — делінген полицияның мәлімдемесінде.

Еске салайық, бұған дейін Павлодарда «TAKORP» қаржы пирамидасын ұйымдастырғандарға сот үкімі кесілген еді.

Соңғы жаңалықтар