Болгария Қазақстан үшін Еуропалық одақпен арадағы сенімді көпір бола алады - Елші В.Петков

- Елші мырза, қазақстандық-болгарлық қарым-қатынастың қазіргі деңгейін қалай бағалар едіңіз және екіжақты ынтымақтастықтың қандай барынша басым бағыттары бар деп есептейсіз?
- Мен сіздің сауалыңызды шынайы достық сезімім өте жоғары халықтың басты мерекесі - 2016 жылы атап өтілетін жаңа әрі Тәуелсіз Қазақстанның 25 жылдық мерейтойы қарсаңында маңызды деп қарастырамын. Аса құрметті Президент - Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлының айрықша басшылығымен сіздердің мемлекеттеріңіз қиын-қыстау халықаралық жағдайдан азат, өз даму жолымен еркін ілгерілеп, ХХІ ғасырға оптимизммен және перспективамен қарайды. Бұл біздердің екіжақты қарым-қатынастарымызды жандандыруға және тереңдетуге өте тамаша алғышарт жасайды.
Болгария Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы қарым-қатынас және біздің бауырлас халықтарымыз арасындағы байланыс терең тарихи тамырластық пен бауырластыққа ие екендігін атап өткен орынды. Болгария Республикасы бұл қарым-қатынастарды дамытуға өте зор, басымдықты мән береді, оған жаңа қарқын мен сапа бергісі келеді. Бұл біздің халықтарымыздың мүддесіне сай келеді және мен Болгария Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі ретінде осынау маңызды міндеттерді шешуге дайынмын. Бұл тұрғыда Болгария Қазақстан үшін Қара теңіз өңіріндегі, Балқандағы және Еуропалық одақтағы мығым әрі сенімді көпірдің біріне айнала алады. Қазақстандық бизнесмендер осынау жайлы факторларды пайдалану мүмкіншілігіне ие.
Болгария әр уақытта да Қазақстанды екіжақты тәртіпті де, сонымен бірге оның Еуроодақпен және басқа да жетекші халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықта да қолдап келді, қолдай да беретін болады. Сіздің еліңіз әр уақытта да қызығушылық тудыратын барлық мәселе бойынша Болгариядан көмек не болмаса жәрдем сұрай алады. Әсіресе, бұл факт біздің елдеріміздің арасында толық сенім, өзара түсіністік және достық ахуалы қалыптасып отырған кезде зор маңызға ие және бұл біздердің қарым-қатынасымызды қалыптастыруда мығым іргетас болады.
Мен туризм, ауыл шаруашылығы, машина жасау, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, мәдениет және білім беру және басқа да салаларда өзара тиімді ынтымақтастықты жандандыруға және дамытуға зор мүмкіншілік бар екендігін көріп отырмын. Басқаша сөзбен айтқанда, менің елімнің экономикалық және зияткерлік әлеуеті сіздердің тамаша жоспарларыңыз бен бағдарламаларыңызды, оның ішінде достас Қазақстанның индустриалды-иннвациялық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған «Нұрлы жол» мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарларын табысты жүзеге асыруға өз септігін тигізе алады.
- Сіздің еліңіздің басшылығы Халық жиналысының төрағасы Цецка Цачева бастаған болгарлық парламенттік делегацияның Қазақстанға жасаған сапарының нәтижелеріне көңілі тола ма?
- Әрине, толады. Болгария Республикасы Халық жиналысының төрағасы Цецка Цачева ханым, сонымен қатар делегацияның басқа да мүшелері бұл сапарларын және оның нәтижелерін өте жоғары бағалады. 1991 жылы желтоқсанда сіздердің елдеріңіз тәуелсіздігін жариялағаннан кейінгі Болгария Халық жиналысы төрағасының Қазақстанға бұл алғашқы сапары екендігін айрықша атап өткім келеді. Сондықтан да бұл сапарды тарихи деп атауға болады. Ол екіжақты қарым-қатынас жылнамасының жаңа әрі маңызды парағын ашатындығы еш күдік тудырмайды. Мен біздердің бірлескен күш-жігеріміздің арқасында бауырлас халықтардың мүддесі мен игілігі жолында жаңа, ұзақмерзімді, өзара тиімді ынтымақтастықтың басталуына негіз қалайтындығымызға сенімдімін.
Достас Қазақстанға болгар Парламенті төрағасының бірінші сапары, сіздің еліңіздің басшылығымен жеңісті кездесулер біздердің екіжақты қарым-қатынасымызды дамытудың жаңа көкжиегін кеңейтеді және Астанадағы мен басқаратын Елшіліктің ауқымды жұмыстарына еркін жол ашады. Беріліп отырған мүмкіншілікті пайдалана отырып, мен Қазақстандағы достарым мен әріптестеріме аталған сапарды табысты өткізу үшін мінсіз ұйымдастыру жұмыстарын жүргізгендіктеріне шынайы ризашылығымды білдіргім келеді. Біз олардың еңбектері мен ұмтылыстарын өте жоғары бағалаймыз және Цецка Цачева ханым бастаған делегация бауырлас қазақ жерінде өздерін барынша жайлы сезінуі үшін қажетті барлық жағдай жасағанын жақсы білеміз. Тек бауырлас халықтар арасында ғана болатын өзара құрмет рухы сапардың алғашқы күнінен-ақ сезілгендігін де айрықша атап өткенім орынды деп санаймын.
- Сіздіңше сапар барысында қол жеткізілген қандай қазақстандық-болгарлық уағдаластық екі елдің арасындаы ынтымақтастықты нығайтуға және кеңейтуге барынша пайдалы болмақ?
- Ең жоғары саяси деңгейде өткізілген кездесулер мен келіссөздер ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылау үшін қажетті алғышартты қалыптастырды деп санаймын. Екі тарап та біздердің қарым-қатынастарымыздың жақсы дамып келе жатқандығын, бірақ, олардың одан да мол әлеуеті бар екендігін және бұл ортақ мүдделерді іздеуге бірқатар мүмкіншілік ашатындығын атап өтті. Мұнан бөлек, таяу болашақта, нақты айтқанда, 2016 жылы жаңа саяси сапарлар арқылы оларды сапалы деңгейге көтеру үшін ортақ саяси ерік-жігер де бар. Сапар барысында қол жеткізілген нәтижелер мен уағдаластықтар жайында айтар болсам, меніңше, нәтижелердің арнайы градациясы қажет. Өйткені, сапардың өз де барынша маңызды болған еді.
Маңызды екі құжатқа, атап айтқанда, Болгария Халық жиналысы мен Қазақстан Парламенті Мәжілісі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға, Болгария Мәдениет министрі мен Қазақстан Мәдениет және спорт министрлігі арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұған қоса, 2016 жылы Астанада Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 4-ші кездесуін өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл комиссия екіжақты ынтымақтастықты дамытудың маңызды тетігі болып саналады. Бұған қоса, Болгария Халық жиналысы төрғасы Цецка Цачеваның сапары барысында Астанада Болгарлық-Қазақстандық сауда палатасының кеңсесі ресми ашылды. Оған екі елдің арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты жандандыруда зор сенім жүктеліп отыр. Бұл өте маңызды және келешегі зор сала.
Сіздің рұқсатыңызбен мен екіжақты қарым-қатынастың тағы бір маңызды аспектісіне тоқтала кетсем деймін. Біздің халықтарымыздың, оның ішінде ғылым, мәдениет, бизнес өкілдері арасындағы байланыстарды күшейту үшін мүмкіндігінше таяу арада Болгария мен Қазақстан арасында тікелей әуе рейсін ашу өте маңызды болар еді. Бұл бағыттағы алғашқы қадам ретінде Қазақстан мен Люксембург арасында қол қойылған келісім үлгісінде әуе көлігі туралы екіжақты келісімге қол қойылуы тиіс. Люксембург ЕО-ға мүше, Болгария да 2007 жылдан аталған одаққа кіреді.
- С і здің еліңіз үшін Қазақстан қай жағынан қызықты және Қазақстан үшін болгарлық тәжірибе қанд а й салаларда тиімді бола алады?
- Қазақстан Болгарияға рухы жағынан ұқсас ел, біздердің ортақ тарихи тамырластығымыз бар. Біз бір-бірімізге деген шынайы құрметті сезінеміз. Ал бұл біздердің екіжақты қарым-қатынасымыздың болашағы үшін барынша маңызды жайт. Болгарияда сіздерде ұлттардың өзара құрметі мен төзімділігі рухын басшылыққа ала отырып, қуатты тәуелсіз ел құру үшін тынбай жұмыс істейтін тамаша, еңбекқор адамдар бар екенін білеміз. Ағымдағы жылы сіздер маңызды атаулы күнді, сіздердің көпұлтты мемлекеттеріңізді ұйыстыратын Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлаудасыздар Осы уақыт аралығында Қазақстан көптеген кедергілер мен проблемаларды бастан кешірді. Бірақ, мемлекеттігін сақтап қалып, уақыт пен тарихтың сын-қатерлеріне лайықты жауап берді.
Осыған орай біздің елдеріміздің арасында зор тарихи ұқсастық бар. 1991 жылы өз Тәуелсіздігін жариялағаннан кейін өзім зор құрмет тұтатын Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен сіздің еліңіз соңғы 24 жылдың ішінде барлық салада тамаша жетістіктерге қол жеткізді және мен сіздерге болашақта жаңа табыстар тілеймін.
Өзара іс-қимыл мен ынтымақтастық салаларына қатысты айтар болсам, бірқатар келешегі зор салалар бар. Олардың қатарынан мен туризм, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, машина жасау, технология және басқа да салаларды атап өткім келеді.
Біздің болашақтағы екіжақты ынтымақтастығымыздың айрықша перспективалы бағыты - ақпараттық технологиялар. Өйткені, Болгария ақпараттық технологиялар саласында ауқымды ұлттық жоспарын жүзеге асырып, соңғы жылдары 50 мыңнан астам жұмыс орындарын құрды. «Hewlett Packard» пен «Google» сынды жетекші ІТ-компаниялардың Болгарияда жеке логистикалық орталықтары бар және нарықта белсенді жұмыс істеуде. Ақпараттық технологиялар саласындағы болгарлық сарапшылар әлемдегі жетекші мамандардың біріне айналған.
Қазақстан үшін Болгарияның ауыл шаруашылығы мен туризм саласында жинақтаған тәжірибесі барынша пайдалы екендігі сөзсіз. Соңғы жылдары сіздердің елдеріңізде шағын және орта шаруашылықтарды дамытуға айрықша назар аударылуда, олардың саны бүгінде 200 мыңнан асады. Олар мақсатты мемлекеттік субсидиялар алуда және олардың өнімдері ең жоғары әлемдік сапа стандарттарына сай келеді. Жетекші әлемдік компаниялар еуропалық және әлемдік нарыққа өнім экспорттау үшін бірлескен компаниялар құру арқылы Болгарияның жер шаруашылығы мен ауыл шаруашылығына инвестиция салуға мүдделік танытып, оған дайын екендіктерін білдіруде. Мұндай жобаларды Қазақстанда да жүзеге асыруға болады. Болгария сіздердің елдеріңізге де жер беру және Еуропалық одақ қоры қаржысын тарту жолдарымен бірлескен компаниялар құру үшін барлық тиімді жағдайлар жасауға дайын. Сонымен қатар Болгарияның жеміс-жидектер мен көкөністерді өңдеу және құтылауда да зор тәжрибесі бар және Қазақстанда сондай заманауи фабрикалар салу мүмкіншілігіне ие. 2016 жылдың көктемінде Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрі Болгарияға сапарлайды деп күтілуде және ол өзінің әріптестерімен бұл саладағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылайтын болады.
Туризмге қатысты айтар болсам, бұл айрықша болашағы бар сала. Өйткені, 2014 жылы 10 мыңнан астам Қазақстан азаматы саяхатшы ретінде Болгарияда болды. Біздің еліміз тамаша шипажайлардан бөлек, азаматтарға демалыстың спа-орталықтары және медицина туризмін де ұсына алады. Айтпақшы, Болгария емдік су көздері саны бойынша әлемдегі ең бай мемлекеттердің бірі саналады. Бұл тұрғыда болгарлықтардың да 2,7 млн. шаршы аумақты алып жатқан, саяхаттауға тамаша мүміндік беретін сіздердің елдеріңізге де жиі келетіндігін атап өткім келеді.
Сөз соңында болгарлық-қазақстандық жан-жақты ынтымақтастық әлеуетін барынша тиімді пайдалану арқылы «Қазақстан-2050» стратегиясының әлемнің ең дамыған үздік 30 елінің қатарына кіру сынды негізгі мақсаты мерзімінен бұрын орын алтындығына үміт артамын.
- Сұхбатыңызға рахмет!