Болгария келесі жылдан бастап еуроға көшуді жоспарлап отыр

АСТАНА. KAZINFORM — Бұл шешім Еуропалық комиссия мен Еуропалық орталық банк Болгарияның барлық қажетті критерийге сәйкес келетінін растағаннан кейін қабылданды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Болгария
Фото: pixabay.com

Сәрсенбі күні Брюссель Болгарияның еуроаймаққа қосылу жөніндегі көпжылдық өтінішін ресми түрде мақұлдады. Бұл елге 2026 жылғы 1 қаңтарда еуроаймақтың 21-ші мүшесі болуға жол ашады.

Еуропалық комиссия мен Еуропалық орталық банк Болгарияның валюта одағына қосылу үшін қажетті «конвергенция критерийлеріне» сай келетінін мәлімдеді.

— Еуро болгар азаматтары мен бизнесі үшін нақты пайда әкеледі: бағаның тұрақтылығы, төмен транзакциялық шығындар, жинақтардың қорғалуы, инвестициялардың артуы және сауданың өсуі. Әрине, еуро — жай ғана валюта емес, — деді Еурокомиссияның экономика жөніндегі комиссары Валдис Домбровскис.

София еуроға көшу жолында бюджет тапшылығы мен мемлекеттік қарызды төмен деңгейде ұстап келді, сондай-ақ Украинадағы оқиғаларға байланысты энергетикалық дағдарыстан кейін тұрақты түрде жоғары болып тұрған инфляцияны тежеп ұстауға тырысты.

Комиссияның соңғы болжамы бойынша, Болгариядағы жалпы инфляция деңгейі биыл 3,6%-ға жетеді деп күтіліп отыр, бұл еуроаймақтың орташа көрсеткіші — 2,4%-дан едәуір жоғары.

Дегенмен, Брюссель Болгарияда 2024 жылғы мамырдан 2025 жылғы сәуірге дейінгі кезеңдегі инфляция деңгейі орта есеппен 2,7%-ды құрағанын атап өтті. Бұл — ең әлсіз инфляция байқалған еуроаймақ елдерінің орташа көрсеткішіне 1,5 пайыздық пункт қосу арқылы есептелетін 2,8%-дық «бақылау мәнінен» төмен.

Сондай-ақ Брюссель 2026 жылы Болгариядағы инфляция 1,8%-ға дейін төмендейді деп болжады. Бұл — жылдың басында енгізілген нан мен мейрамханаларға қатысты ҚҚС-тың қалпына келтіру шарасының әсері тоқтағаннан кейін және жалақы өсімі баяулаған жағдайда мүмкін болады.

Болгария валютасы лев 1999 жылдан бері еуроға байланған, бірақ елдің қазіргі уақытта Еуропалық орталық банктің ақша-несие саясатына дауыс беру құқығы жоқ.

Брюссельдің бұл мәлімдемесі елдегі ондаған қалада өткен жаппай наразылықтарға қарамастан жасалды. Көптеген азамат валюта ауыстыру бағаның, әсіресе азық-түлік бағасының күрт өсуіне алып келеді деп алаңдады.

Наразылық акцияларын Болгариядағы үшінші ірі саяси күш саналатын оңшыл радикалды «Қайта өрлеу» партиясы және ел Президенті Румен Радев қолдады. Екі тарап та елдің еуроаймаққа кіруі туралы референдум өткізуді ұсынған болатын, бірақ бұл бастама парламент пен соттар тарапынан тоқтатылды.

Еуроға ресми түрде өту үшін соңғы шешімді ЕО-ның қаржы министрлері 2025 жылғы 8 шілдеде қабылдайды деп күтіледі. Егер ол мақұлданса, Болгария еуроға көшу процесін жалғастырады.

Сонымен қатар, 8–9 маусым күндері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Болгария Президенті Румен Радев Қазақстанға ресми сапармен келеді деп жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар