Болгарияда ұлттық аза тұту күні жарияланды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін, 11 қарашада, Болгарияда «Тракия» тасжолында болған екі ірі жол апатынан қаза тапқандарды еске алу үшін ұлттық аза тұту күні жарияланды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Болгария
Фото: Анадолы

Елдің Министрлер кеңесі бұл шешімді 10 қараша күні таңертең Болгарияның оңтүстік-шығысындағы Ямбол облысына қарасты «Зимница» жолайрығы маңында болған қайғылы жол апатынан кейін көп ұзамай қабылдады. Қаза болғандарды еске алу үшін мемлекеттік мекемелерде ұлттық ту төмен түсірілді. Үкімет марқұмдардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

Болгарияның Ішкі істер және Денсаулық сақтау министрліктерінің мәліметінше, екі жол апатына барлығы 86 көлік түскен. Оның 63-і Бургас, 23-і София бағытында келе жатқан.

Жол апатынан 11 адам қаза болды.

Олардың 10-ы оқиға орнында көз жұмса, біреуі ауруханада көз жұмған. Зардап шеккен 51 адам Сливен, Ямбол және Бургас қалаларындағы ауруханаларға жеткізілді. Олардың 13-інің жағдайы ауыр.

Алдын ала мәлімет бойынша, қою тұман әсерінен жол нашар көрініп, апат орын алған. Алғашқы жаппай соқтығыс Бургас бағытындағы жолақта жүк көлігі жолаушылар автобусына жол бермей, қозғалысқа кедергі келтіргеннен кейін басталған. Екінші жол-көлік оқиғасы қарсы бағыттағы жолақта болған.

Оқиға орнына барған Премьер-министр Румен Радев болған жағдайды «бүкіл Болгария үшін қаралы күн» деп атады.

Қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтау жалғасып жатыр. Софияны Қара теңіз жағалауымен байланыстыратын «Тракия» тасжолының апат болған бөлігі көлік қозғалысы үшін уақытша жабылды.

Бұған дейін Түркияда туристер мінген автобус пен жүк көлігі соқтығысып, 11 адам қаза тапқаны хабарланған болатын.